Ақтөбе облысында 8 адам қаза тапқан жол апатының мән-жайы белгілі болды

Қаракөз Амантай 07 мар. 2024 10:07 9426

Ақтөбе облысындағы тасжолда адам өлімімен аяқталған жол апатының мән-жайы белгілі болды. Қаза тапқан сегіз адамның ішінде төрт бала бар, деп хабарлайды  Dalanews.kz.

Облыс әкімдігінің Telegram-арнасындағы мәлімет бойынша, кеше Ақтөбе - Астрахан тасжолының 120 шақырымында Lada Largus және Toyota Hilux маркалы екі көлік соқтығысты. Апаттан Lada Largus өртенген. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Тымпиев оқиғаға байланысты түсінік берді.

"2024 жылғы 6 наурызда Ақтөбе облысының "Ақтөбе-Астрахан" тасжолында 120 шақырымында көлік апаты болды. Зардап шеккендердің саны – 11, оның ішінде 8 адам қаза тапты. 3 адам Мұғалжар аудандық ауруханасына жеткізілді. Мамандар оларға қажетті көмекті көрсетіп, тексерді. Алайда, 3 адам Ақтөбе қаласында "тексеруден өтеміз" деп, ауруханаға жатудан бас тартқан", - деді Нұрбол Тымпиев.

Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова да болған жайтқа қатысты пікір білдірді.

"Бүгін Ақтөбе-Астрахан тасжолында қайғылы жол-көлік оқиғасы болды. Осы қайғылы оқиға салдарынан 8 адам қаза тапты. Оның төртеуі кәмелетке толмаған балалар. Атап айтқанда, Шұбаршы орта мектебінің 4-6-сынып оқушылары. Сондай-ақ Кеңқияқ орта мектебінің 6-сынып оқушысы мен дайындық тобының 1 оқушысы. Балаларды ата-аналары мен туыстарымен бірге болды. Оқушылар заңды өкілдерінің өтініші бойынша отбасылық және денсаулық жағдайына байланысты сабаққа қатыспаған", - деп түсіндірді Нұргүл Бертілеуова.

Еске сала кетейік, кеше Ақтөбе-Астрахан тасжолында екі көліктің қатысуымен жол апаты болды.


Рекомендовать
Последние новости