Перизат Қайрат ісі бойынша сот отырысы бүгін де жабық форматта өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сот отырысында:
- қатысушылар заттай дәлелдемелерді зерттеді
- тараптар бірнеше өтініш білдірді (нақты қандайы – сот айтпады)
- Перизат Қайраттан жауап алынды
- айыпталушының анасы жауап беруден бас тартты (бұл – заңды)
Жалпы алғанда, процесс өте жылдам өтіп жатыр деген әсер қалдырады.
Ертең, 21 шілдеде сағат 11:00-де жарыссөздер өтеді. Журналистер қатысуы мүмкін. Кейінгі мәлімет бойынша отырыс ашық форматта өтеді деп хабарланып отыр.
Еске салайық, күні кеше өткен сот отырысы да жабық форматта өткен болатын.
Бұған дейін істі қарап жатқан судья Сабыржан Каримов сот отырыстарының кестесін дүйсенбі және бейсенбі күндеріне белгілеген болатын. Алайда өткен аптада отырыстар сәрсенбі, бейсенбі және жұма күнінің бірінші жартысында да өткізілді.
Бұған дейін сот отырысында Қайратқа 200 млн теңге аударған компанияның өкілі Галя Исаева сөз сөйлеген еді. Оның айтуынша, сол кезеңде компанияны Перизат Қайраттың әлеуметтік желідегі белсенді жарнамасы сендірген.
Сонымен қатар Jusan Bank Перизат Қайраттың қорын тексерместен 300 млн теңге аударғаны туралы мәлімдеген еді.
Перизат Қайратқа қатысты үш эпизодтың бірінде ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін шамамен 2,9 млрд теңге жинап, оның тек 920 млн теңгесін ғана мақсатты түрде жұмсады деп айып тағылды.