Перизат Қайрат ісі: сот жабық режимде өтіп жатыр

Көркем Алдабергенова 21 шіл. 2025 11:22

Бүгін қоғам белсендісі Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаеваға қатысты ұрлық және алаяқтық деректері бойынша қозғалған қылмыстық іс бойынша сот отырысы жабық форматта өтеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Астана сотының баспасөз қызметі мәлімдегендей, отырыс барысында банктік құпиясы бар құжаттар секілді құпия деректер қаралатындықтан, процесс көпшілікке ашық болмайды.

Бұған дейін істі қарап жатқан судья Сабыржан Каримов сот отырыстарының кестесін дүйсенбі және бейсенбі күндеріне белгілеген болатын. Алайда өткен аптада отырыстар сәрсенбі, бейсенбі және жұма күнінің бірінші жартысында да өткізілді.

Бұған дейін сот отырысында Қайратқа 200 млн теңге аударған компанияның өкілі Галя Исаева сөз сөйлеген еді. Оның айтуынша, сол кезеңде компанияны Перизат Қайраттың әлеуметтік желідегі белсенді жарнамасы сендірген.

Сонымен қатар Jusan Bank Перизат Қайраттың қорын тексерместен 300 млн теңге аударғаны туралы мәлімдеген еді.

Перизат Қайратқа қатысты үш эпизодтың бірінде ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін шамамен 2,9 млрд теңге жинап, оның тек 920 млн теңгесін ғана мақсатты түрде жұмсады деп айып тағылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар