Перизат Қайрат пен анасының ісі сотқа түсті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бас прокуратура Перизат Қайратқа және Гайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық істі мәні бойынша қарау үшін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына жіберді.
Екеуі Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдарынан мүгедек балаларға, сондай-ақ Қазақстанда су тасқынынан және Таяу Шығыстағы қақтығыстан зардап шеккен адамдарға қайырымдылық көрсету желеуімен жиналған 3 миллиардтан астам теңгені жымқыруда айыпталады.
Еске салайық, бұған дейін Қаржылық мониторингі агенттігі Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаеваға қатысты алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.
2025 жылғы 19 наурызда тараптар 109 томнан тұратын қылмыстық іс материалдарымен танысуға кірісті.
Бұған дейін хабарланғандай, залал сомасы 3,5 млрд теңгені құрады.
Ұрланған қаражатқа сатып алынған 865 млн теңге көлеміндегі мүлікке тыйым салынды.
Қылмыстық іс айыптау актісін бекіту және сотқа жолдау үшін Бас прокуратураға берілді.