Павлодар облысында босанған 12 жастағы оқушының отбасы туралы жаңа деректер айтылды

Сағыныш Сардарова 25 июл. 2024 12:42 380753

Павлодар облысындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенева 12 жаста босанған оқушының отбасы туралы айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Отбасы Павлодар облысының Галкино ауылында тұрады. Олар 2019 жылы екі баламен Моңғолиядан көшіп келген.

"Қазақстанда тағы 3 бала дүниеге келді, қазір анасы 2022 жылы туған кішкентай баланың күтімі бойынша демалыста. Анасы оқи да, жаза да алмайды. Тек өз атын жаза алады, құжаттарға солай қол қояды. Отағасы 6 сынып бітірген, ешқандай мамандық игермеген. Мезгілдік жұмыс ретінде мектепте от жағушы болып жұмыс істейді. Қазір жұмыс істемейді", - деді Павлодар облысындағы Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл.

Ата-ана қыздарының жүктілігі туралы 3 сәуірде мектептегі мұғалімдерден білген. Сол күні тексеріс жасалып, жүктілік расталған. Кейін оқушы 19 шілдеге дейін аудандық ауруханада дәрігерлердің бақылауына алынған.

"Ауруханада мектеп басшылығы оқу жылының соңына дейін онлайн оқыту ұйымдастырды. Ауруханада болған 3 жарым ай бойы болашақ ана мектеп педагогикалық құрамының жеке қаражаты есебінен киім-кешек, аяқ киім, жуғыш заттар және азық-түлікпен қамтамасыз етілді", - деді Сәуле Шәкенева.

12 жастағы қыз салмағы 3 360 грамм болатын сау қызды өмірге әкелді.

Сәуле Шәкенева облыстық перинаталдық орталықтан шыққаннан кейін ана мен сәбидің одан әрі тұратын орны туралы мәселе жақын арада шешілетінін мәлімдеді. Ата-анасының сөзінше, бұл жағдайды білмеген және күдіктенбеген. Қыздың ата-анасы осы жағдайға күдікті саналатын туыстарымен қарым-қатынасты тоқтатқанын айтқан.

Айта кетейік, жуырда Павлодар облысында 12 жастағы қыз босанғаны белгілі болды. Ол тамыз айында 13 жасқа толады.

Жәбірленушінің туысы күдікті деп танылып, қамауға алынды. 


Рекомендовать
Последние новости