Павлодар атауын өзгертуге қарсы шыққан шымкенттік қазақтың спонсоры кім?

Dalanews 03 февр. 2020 09:40 795

Ол Талдықорғанның тумасы екен, қазіргі кезде Шымкент қаласында тұратын көрінеді. Республикалық «Интернационалистер» қоғамдық ұйымының төрағасы қызметін атқарады дейді.

Бұдан бұрынырақ Бақытжан Копбаев және ол басқаратын ұйымның Қарағанды облыстық филиалы төрағасы Анна Невская Ресей телеарналарының біріндегі «На самом деле» бағдарламасына сұхбат беріпті.

Екеуі жүргізуші журналистің сұрақтарына «Қазақстанда фашизм бой көтерді, қазақ ұлтшылдығы қошқыл оба тәрізді тарауда!» – деп жауап қайтарған. Солай дей отырып өздерін қазақ фашистеріне қарсы күресіп жүрген антифашист қаһармандар бейнесінде көрсетті!..



Сондай-ақ ол әлеуметтік желі арқылы жасаған бейнемәлімдемесінде жұртшылықты Павлодар қаласының атауын қорғауға шақырған болатын! Сол Бақытжан енді (30.01.2020) Павлодарға келіп, «Павлодар» қонақ үйінің мәжіліс залына қала тұрғындарын өзімен кездесуге шақырды. Бұл шарада түрлі мәселелер көтерілетіні, оның ішінде қала атауына байланысты мәселе де қозғалатыны, өзінің Павлодар атауын өзгертуге қарсы екені жөнінде бейнемәлімдеме таратты.

Әйтсе де, шымкенттік қонақтың біздің қаланың атауы бойынша жиын өткізуге моральдік жағынан да, заң тұрғысынан да құқы жоқ болатын. Соған қарамастан, өзі шақырған соң бардық, онымен ниеттес орыстілділер де келді. Бұлардың дені Кеңес кезеңін көксейтін егде жастағы адамдар екен.

Бақытжан орыс тілінде сөйледі.

 

Қазақ тілділердің сауалдарына жиынның соңында жауап беретінін ескертті. Сөз басында интернационалистер ұйымы жөнінде айта келіп, Павлодарда ұйымның филиалын құратынын, оның төрағалығына жергілікті азаматты бекіткенін жария етті де, жанында тұрған сақалды жас жігітті нұсқады.

Сонан соң Кеңес үкіметіне деген ризашылық сезімін білдіріп еді, залдың әр тұсынан қол шапалақтаушылар бой көрсетті.

Әйтсе де ол өзі ұйымдастырған жиын үстінде ешкім күтпеген әрекетке барып, Павлодар атауы жөнінде мәселе қозғамайтынын мәлімдеді. (Менің пайымдауымша, жиналған жұртшылық арасында өзге ұлт өкілдеріне қарағанда қазақтар санының басымдығын ескеріп, алдыңғы ойынан айныған сияқты).



Сол-ақ екен оған ниеттес орыстілділер тобы орындарынан өре түрегеліп шулап қоя берді! «Ендеше неге Павлодар атауы жөнінде мәселе көтеріледі деген ақпарат тараттың, бізді бұл жерге алдап шақырдың ба?!» – деп өзіне дүрсе қоя берді. Бақытжан болса, «Мен ондай хабар таратқан жоқпын, басқа біреулер сөзімді теріс бұрмалап жіберген шығар» – деп ақталған болды.

Ақыры, қала әкімінің әлеуметтік сала бойынша орынбасары Светлана Гладышева ортаға шығып: «Павлодар атауына байланысты қала әкімдігіне қандай да бір бастамашыл топтан өтініш түскен жоқ. Оның үстіне биылғы жылы Қазақстанда санақ жүргізілуіне байланысты елдімекендердің, көшелердің, басқа да нысандардың атаулары өзгертілмейді. Павлодар атауын қолдайтындар да, өзгерткісі келетіндер де мемлекеттік органдарға өтініш түсіруге тиісті. Мәселе заң аясында қаралуы керек» деген ойларын ортаға салды.

Сонда ғана у-шу саябырсып, алдымен орыстілді топ залды тастап кетті. Содан соң қазақтілділер тарқады. Тек қазақ жігіттерінің бірнешеуі Копбаевты ортаға алып, түрлі өткір сұрақтар қойды!

Олардың біреуі: «Шымкентке қашан қайтасың, шығарып салайық...» – деп еді, Бақытжан рахметін айтты. Осылайша, бұл кездесу басталмай жатып у-шумен аяқталды.

Ендеше Бақытжан Копбаев Керекуге кімдерге сеніп келді? Ол басқаратын ұйымның қолдаушысы кімдер, іс-сапарларын қандай мекемелер қаржыландыруда?

Ресей телеарналары неліктен оған ақпараттық қолдау көрсетуде? Копбаевтың ар жағында «Русский мир» тұрған жоқ па? – деген сауалдар туындауы орынды.


Бұлардың жауабы кейін табыла жатар. Ал Бақытжанның өзі бұдан арғы уақытта Керекуге келуге соншалық құмарта қоймайтын шығар деген ойдамыз...

Шымкенттік қонақ әлеуметтік желілер арқылы Павлодар атауы жөнінде таратқан бейнемәлімдемелерінің бірін жойып, екіншісін бөгде көздерден жасырып қойыпты. Осы жайтқа орай «Неге?» деген тағы бір сұрақ туындайды.

Арман Қани




Рекомендовать
Последние новости