Өзекті мәселелер ортаға салынды

Dalanews 28 нояб. 2023 07:37 1091

Қоғам ілгерілеу жолында. Саяси өмір жаңару алдында. Адамның мүмкіндіктері керемет жылдамдықпен өсуде, адамдар көзге көрінбейтін құрылымдарды зерттей алуда. Дегенмен прогреске байланысты көптеген әлеуметтік мәселелер де алға шығып отыр. Бұл мәселелер қоғам жағдайына тікелей немесе жанама әсер ететін әлеуметтік өмір факторларының болуымен байланысты туындап отыр.
Міне, осы мәселелер талқыға салып, шешу жолдарын ұсынған конференцяны Алматы қаласы орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты Қазақстан Жазушылары кітапханасы ұйымдастырды.



Конференцияны ашқан кітапхана меңгерушісі Елена Жамелқызы мақсатын түсіндіріп, бүгінгі таңда қоғамды алаңдатып отырған мәселелерді айтып, оның шешу жолын ұсынуға жиналған қонақтарды таныстырып өтті. Модераторлардың кіріспе сөзінен кейін алғашқы сөзді жазушы-драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Сұлтанәлі Балғабаев алып, өзекті проблеманың негізгісі – жемқорлыққа тоқталды. Жүйені жегі құрттай жеп жатқан жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жоймай басқа мәселенің ұшығына жете алмайтынымызды түсіндіре, нақтылай айтып кеткен жазушы ағамыздың сөзі қатысушылар тарапынан қолдау тапты.


Ал ақын, жазушы, журналист Сәуле Досжан болса келер ұрпақтың қарны тоқ болып, санасы жоқ болса жаһандану жұтып қоятынын ескерте сөйледі. «Жаһанданудың ортасында өмір сүре отырып, түп-тамырымыздан қол үзбей, қазыналы қасиеттерін одан әрмен дәріптей, ұрпақ бойына қанмен сіңіре білуіміз керек. Жас ұрпақ мүмкіндігінше алдыңғы толқынның жіберген қателіктерін қайталамауға тырысып, ұлттық асыл қасиеттерімізді өркендетуге күш салса, біз ешқашан ұлт ретінде жойылып кетпейміз»,- деп жастарға қарата сөйлеген сөзі біраз жастың санасын серпілтті деуге болады. Ал балалар жазушылары Нұртан Төлепберген, Нұрдәулет Ақыш, Сәбит Дүйсенбиев өз шығармаларынан үзінді оқып, мотивация бере отырып жастарды кітап оқуға шақырды.


Конференцияға спикер ретінде шақырылған «Сенімен болашақ» РҚБ Алматы филиалының сарапшылары – психолог Айгүл Исламбекқызы мен нутрицолог Еркежан Маратқызының баяндамасы көпшіліктің көңілінен шықты. Психолог маман қазіргі дерттің бірі – лудомания туралы баяндап, статистикалық мәліметтерді келтіре отырып ойынқұмарлықтың жастарды да шырмап, орға жығып жатқанын ашына жеткізді. Осы дертпен бірлесе күресуге шақырды. Ал Еркежан ханым болса жастардың фасфуд өнімдеріне шексіз құмарлығынан неше түрлі аурулардың жасарып жатқанын, энергетик сусындардың зияндылығын түсінікті түрде жеткізіп, жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Конференцияда сондай-ақ «Парасат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Бақыт Тасжанова, Әуезов аудандық полиция басқармасының аға инспекторы Гүлзина Мұхаметқалиева, Қазақстан Жазушылары кітапханасының қызметкері Назерке Жүнісбек, «Алатау» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Сағымхан Нұрмұхаметқызы, №15 қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Әлия Өтемісова, «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың» кітапханашысы Алмас Мырзабековтер кезекпен сөз алып, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау, маскүнемдік пен нашақорлықтың дендеуі, мүгедектігі бар жандармен жұмыс барысында кездесетін қиыншылықтар төңірегіндегі баяндамаларын оқып, талқыға салып, шешу жолдарын ұсынды.
- Қоғамдағы өзекті мәселелер кітапхана ұжымын бей-жай қалдырған емес. Өйткені әр мәселенің артында адамдың тағдыры мен отбасы құндылығы тұр. Қалыпты өмір ырғағын бұзатын жағымсыз әрекеттер айтылып, шешу жолын ұсынуға арналған мұндай басқосулар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Өйткені кітапханаға көптеген зиялы қауым өкілдерімен бірге жастар да көп келеді. Келешектің тірегі саналатын жастардың санасын осындай жиындар, әрекеттер арқылы оятып, тәрбиелі де парасатты тұлға болып қалыптасуына ықпал етуіміз керек- дейді кітапхана қызметкері Сымбат Асанова.

Меруерт Мәулетқызы,
«Сенімен болашақ» РҚБ журналисі


 

 

Рекомендовать
Последние новости