Петропавлдағы провакация. Cепаратистердің аяғы аспаннан келді

Dalanews 28 нояб. 2023 14:34 957

Биыл наурызда Қызылжар қаласының қақ ортасында ормандай орысқа арқа сүйеген бірнеше коллаборант үндеу жасап, үй ішінен үй тігуге ұмтылғанын Dalanews.kz жазып, дабыл қаққан еді. Бүгін редакциямызға жеткен ақпарат бойынша сол бұра тартқан сепаратистерге қатысты сот шешімі шығыпты.

Енді олар заң алдында лайықты жазасын алатын болды. Бұл жағдай үй ішінен үй тігуге ұмтылған өзге коллаборанттарға сабақ болары сөзсіз.

Естеріңізде болар, әлгі коллаборанттар 19 наурызда Петропавлдағы колледждердің бірінде жиын өткізіп, алдын ала жазып, дайындап алған «Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласы еңбеккерлерінің халықтық кеңесінің» декларациясын жариялап, айды аспаннан шығарған болатын.


Мемлекеттігімізді мансұқтайтын әлгі «құжатта» Қазақстан Республикасының құрылуына күмәнмен қарап, тіпті оны алаяқтық әркет деп бағалайтынын білгенде талайдың талағы тарс айырылған еді.

Осыдан кейін бір кебісті, бір кебіске тыққан сепаратистермен құқық қорғау органдары шындап айналыса бастады.

Бізге жеткен мәлімет бойынша қоңырсытып әңгіме айтып, тәуелсіздігімізді мансұқтағандардың саны төртеу. Тіпті, коллаборанттың біреуі үйінде заңсыз қару сақтағаны да әшкере болды. Демек, олар қандайда бір іске тас-түйін бекінгені анық.


Коллаборанттар колледжде төбе көрсетіп, ашық майданға шыққаннан кейін олар құқық қорғау органдарының назарына іліккені белгілі.

Бұл істі тергеп-тексеру барысында сепаратистердің бір күнде пайда болып, әйгілі «үндеулерін» бір сәтте жасамағаны мәлім болды. Арнамызға жеткен мәлімет бойынша, олар 2021 жылдың күзінен бастап, өздерінің сепаратисттік әрекеттерін белсенді жүргізе бастаған.

Айталық, Вячеслав Зудерман есімді коллаборанттың нұсқауымен «Народный Дозоръ. Петропавловскъ», «Народный Совет. СКО, Петропавловск», «Народный Совет. Петропавловск, СКО» деген Телеграм арналар құрылып, оған өзге белсенділер Елена Болдырева, Мадина Капарова, Ольга Бережновалар қатысып, еліміздің тәуелсіздігін жоюға бағыттаған, Конститутциямызға қарсы ақпараттарды ашық жариялай бастаған.

Ал сепаратисттік әрекеттің кульминациясы биыл 23 наурызда орын алды. Олар өздерінің "декларациясының"  хаттамасы мен видеожазбасын Инстаграм парақшасына жариялаған болатын. Енді коллаборанттардың сол әрекеті өздерінің басына таяқ болып тиді.

Олар бұл әрекеттері үшін жазасыз қаламыз деп ойласа керек. Бірақ Жаңа Қазақстан сепаратисттік әрекетке жол берген 4 коллаборантты лайықты жазаға тартты.


Бүгін Петропавл қалалық соты сепаратисттік әрекетке ұйытқы болған Вячеслав Зудерман 9 жылға, қалған үшеуін 7 жылға бас бостандығынан айыру турасында шешім шығарды. Ендігі жерде Ресейге қарап ұлитындар Қазақстанның тұтастығына қатысты әңгіме айтқанда абайлап сөйлейтін болады.

Рекомендовать
Последние новости