Оқушылары ECOBIKE ойлап тапты

Dalanews 29 нояб. 2023 04:17 935

Аягөздік оқушылар өздері ойлап тапқан өнімдерін ECOBIKE деп атаған. Себебі бұл заманауи велосипед іске қосылғанда, бірнеше құрылғының қызметін атқара алады.

Тренажерді қолданып, адам денсаулығын нығайтуға және спорттық жаттығу жасау барысында бұлшықеттерін жаттықтыруға болады. Бұдан басқа жаттығу кезінде құрылғыдағы генераторды қосып, тегін электр қуатын өндіруге де болады. Сол арқылы әр түрлі қосымша құралдардың көмегімен тұрақты тоққа түрленіп, 220 вольтқа дейінгі кернеуге көтеріледі. Яғни кез келген құралды (телефон, планшет) қуаттауға болады.

Осылайша тренажер электр энергиясын үнемдеу көзі ретінде қарастырған. Қосалқы бөлшек ретінде кескіш-ұсақтағышы бар қоқыс жәшігін орнатқан.  Мекемедегі пластик, қағаз түріндегі қоқысты ұсақтау арқылы көп орын алмайтындай көлемін азайтуға болады немесе іске жарамды етіп қайта өңдеп, балқытып, әр түрлі пішіндегі кәдесыйлар, бұйымдар жасауға да болады.

Өнертапқыш оқушылар болашақта осындай артықшылығы көп құрылғының бес түрін жасауды жоспарлап отыр. Мектептің үш қабатына өлшемдерін түрлендіріп, бастауыш буын, орта буын және жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер, мектеп қызметкерлеріне әр дәлізге екі-екіден велосипед қоймақ ойлары бар.

– Істен шыққан велосипед бөлшектерін алып, кез келген дизайнда түрлендіріп жасауға болады. Ол үшін 12 вольтқа дейінгі генератор керек. Педаль үшін арнайы беріліс қажет, генератордан шыққан электр тоғын жинақтап, айнымалы тоқтан тұрақты тоққа айналдыратын арнайы диодты түрлендіргіш құрал арқылы аккумуляторға жинақталады. Электр қуатын 12 вольттан 220 вольтқа дейін көтердік. Ұялы телефонды, кескіш құралды да қуаттауға болады. Ардуиномен жасалған бағдарлама қоқыс жәшігі толған кезде телефон немесе планшетке датчик арқылы хабарлама береді. Хабарлама келгеннен кейін жәшікті босатып, қайта қоқыс жинауға кіріседі», – дейді «ақылды» велосипед авторлары.


Өнімді орта буын оқушыларына қолданып, эксперимент жасаған. Мектеп оқушылары құрылғыға қызығушылық танытып, сабақ арасында қоңырауда тренажер ретінде пайдалануда.

Жобаны табыс көзіне де айналдырып, білім беру мекемелерінде ғана емес, жарнама жасап, кез келген қоғамдық орындарда пайдалануға болады. Әрі денсаулыққа пайдалы, тегін электр энергия көзі, сондай-ақ пластик қоқыстарды қайта өңдеу мәселесін қарастыруда таптырмайтын өнім.

Жоба авторлары 10-сынып оқушылары Жанерке Ысқақова, Жәния Әлімғазине, Жанерке Закирова, Айгерім Ержанқызы.

Айта кетейік, мұғалімдер жобаларын ІТ хакатон сайысына ұсынып, І орын иеленді. Осы айда өтетін ІТ чемпионатқа қатысуға әзірлеп отыр.

Рекомендовать
Последние новости