"Отбасы банкі" тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ жай акциялар бойынша 2024 жылға дивидендтер төлеуге ниетті. Бұл туралы ақпарат бүгін KASE сайтында жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қор биржасы ұсынған дерекке сәйкес, төлемнің бірінші сомасы 2025 жылдың 2 маусымына дейін 42 277 615 200,00 теңге, төлемнің екінші сомасы 2025 жылдың 2 шілдесіне дейін 42 277 615 200,00 теңге көлемін құрайды. Мұндай шешімді Отбасы банкінің жалғыз акционері - "Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингі қабылдады.
Осылайша, банктің жай акциялар бойынша дивидендтер төлемінің жалпы сомасы 84 555 230 400 теңгені (84 миллиард 555 миллион 230 мың 400 теңге) құрайды.
Айта кетсек, ҚР Үкіметі Отбасы банкін 2027 жылға дейін ішінара IPO-ға шығаруды жоспарлап отыр. Отбасы банкі отандық екінші деңгейдегі банктер арасында активтер мен меншікті капиталы бойынша төртінші орында тұр.
Бұған дейін сайтымызда мемлекеттен 235 920 теңге көлеміндегі бастапқы капиталды алу үшін не істеу керектігін жазғанбыз.