Астана – тәуелсіздік символы. Домбыра – қазақтың болмысы әрі бренді. Тәуелсіздікті астанамыз айқындаса, домбыра қазақтың арғы-бергі тарихынын тамыр тартатын киелі аспап.
Өскеменде жергілікті жұртшылық қос мерекені есте қаларлықтай атап өтіп, шараның рухани бағытына басымдық берді.
Қос мерекенің құрметіне арнап қоңыр домбырадан күй төгілткен өскемендік жас күйші Арлан Сүлейменов жиналған жұрттың алдында осынау киелі аспаптың шығу тарихы туралы шежірені балын тамызып айтты.
Талантты домбырашымен тілдескен өнерсүйер қауым бұл күні домбыраның шығу тарихына қатысты тың мәліметке қанығып, кездесуден ерекше әсер алды. Чайковский атындағы өнер колледжінің түлегі Арлан Сүлейменов Өскемендегі он саусағынан бал тамған өнер иелерінің бірі. Одан тәлім алған түлектер домбыраны 12 сабақтың ішінде меңгеріп кетеді екен.
Айта кетелік, Домбыра күнін былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ресми бекітіп, «Алтайдан Атырауға дейін барша Қазақстанның даласы осы домбыраның үнін естіп келеді. Ол бүкіл біздің даламыздың, барлық қазақтың қаны да, жаны да бір екенін нақты білдіреді», – деген болатын.
Домбыра күнінің ел астасының туған күнімен орайласқаны да екі мерекенің маңыздылығын арттыра түсті.
Шара барысында Елорданың құрметіне ән орындалып, би биленді. Сонымен қатар жиналған жұрт та тек көрермен ретінде қалып қоймай, астанаға деген музыкалық, поэтикалық құттықтауларын жолдады.
Заманға сай жаңғыртылған кітапхананың MakerSpace шығармашылық алаңында меймандарға домбыра бейнесіндегі кәдесыйлар сыйға тартылды.
Шара аясында Нұр-Сұлтанның құрылу мен қалыптасу тарихы түгелдей баяндалған көрме ұйымдастырылып қонақтар астанаға қатысты беймәлім деректермен таныс болды.
Сонымен бірге домбыра көрмесі де ұйымдастырылып ұлы орындаушылар, музыканттар, Құрманғазы, Тәтімббет, Дина сияқты әйгілі күйшілердің мұрасы туралы мәліметтер әдебиеттер көрмесінен орын алды.
https://www.youtube.com/watch?v=Luo4r_E40Ug