Осы бастан Маңғыстауға көңіл бөлмесек, болашақта халқы күйзеліске ұшырауы мүмкін - Жақсыбек Құлекеев

Сағыныш Сардарова 24 июн. 2025 10:22

Танымал экономист, бұрынғы білім, экономика министрі Жақсыбек Құлекеев елдің экономикалық ахуалына қатысты болжамдар жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарапшы АҚШ-Қытай текетіресі елімізге де әсерін тигізетінін айтты.

"Қазақстанның, бүкіл дүние жүзінің экономикасының дамуына тежеуіл болып тұрған нәрсе - Американың биыл жыл басынан бергі, әсіресе, осы сәуірден бері жүргізіп отырған саясаты. Трамп Американың президенті болып келген кезден бастап дүниежүзінің барлық еліне қарсы сауда соғысын жариялағанмен бірдей болып отыр. Қазір Америка бүкіл дүние жүзінің мемлекеттеріне қарсы он пайыздық қосымша кеден салығын көтерді. Америка мен Қытай арасындағы сауда қақтығысы өршіп кеткені екі мемлекеттің арасындағы сауда қарым-қатынасы дамуына үлкен кері әсерін тигізіп отыр. Соның салдарынан сәуірде Қытайдың Америкаға экспорты 21 пайызға төмендеді, мамырда 34 пайызға төмендеді. Әрине, Қытайдың экспорты азайғаннан кейін сатып алатын көлемі де азаяды. Өйткені сырттан алып келген затының біразын экспортқа шығаратын тауарларға пайдаланады", - деді ол Abay Live-қа берген сұхбатында.

Жақсыбек Құлекеев бұдан Ұлытау облысы секілді өңірлер қалай зардап шегіп жатқанын түсіндірді.

"Қытай Қазақстаннан алатын кейбір шикізатының көлемін азайтты, өндірістің өңделген өнімдерін азайтты. Мыстың 65 пайызын Қытайға, 33 пайызын Түркияға, 1 пайызын Латвияға экспортқа шығарады екенбіз. Қытай мен Америка қақтығысқа түскеннен кейін, экспорт азайғаннан кейін Қытай Қазақстаннан алатын мыстың көлемін едеуір қысқартты. Таза мысты 16 пайызға, мыс концентратын 25-26 пайызға қысқартып отыр. Әрине, оның Қазақстан экономикасына, бюджетке, соның ішінде мысты шығаратын Ұлытау облысының экономикасына өте үлкен кері әсері болып жатыр", - деді ол Abay Live-қа берген сұхбатында.

Сарапшының пікірінше, Қытайдың экономикасы 80-жылдардан бастап үлкен қарқынмен дамып келеді, ал Қытайдың экономикасы неғұрлым күшейген сайын бұл көп мемлекетке ұнамайды. Соның әсерінен көп мемлекет дүниежүзілік нарықта өз позицияларынан айрылып жатыр.

"Қытай дүниежүзілік нарықта, экспортта өте үлкен жетістікке жетіп жатыр. Әрине, оны көбі көре алмайды. Мысалы дүние жүзінде шығатын тұрмыстық техниканың алпыс пайызға жуығын Қытай өндіреді. Киімнің қырық пайызын Қытай өндіреді. Американың үлесі бір пайызға да жетпейді. Қытай кейінгі он бес жылда дүние жүзіндегі ең көп көлік өндіретін мемлекет болды. Былтыр дүние жүзінде 92,5 млн көлік құрастырылды. 31,5 миллионын Қытай өндірді. АҚШ-тың өндірісі үш есе төмен", - деді сарапшы сұхбатында.

Экономист Қазақстанның ішкі ахуалына, соның ішінде дотациялық облыстар көбейіп бара жатқанына да пікір білдірді.

"Бұл - өте күрделі сұрақ. Қазақстан - унитарлы мемлекет. Федеративті мемлекетке қарағанда бюджет саясатын басқаша негізде жүргізеді. ...Егер орталықтан барлық Қазақстанның аймағында біркелкі саясат жүргізуге жағдай жасамасақ, әр өңір өзі қанша табыс табады, көп тапса, жақсырақ өмір сүрсін, аз тапса, нашар өмір сүрсін дейтін болсақ, өңірлердің арасындағы экономикалық-әлеуметтік алшақтық ұлғайып кетеді. Аймақтардың экономикасын біркелкі дамытуға тырысуымыз керек. Алшақтыққа жол берсек, түбі саяси бірлік, саяси тұтастық жоғалуына алып келуі мүмкін", - деді ол.

Жақсыбек Құлекеевтің айтуынша, соның ішінде Маңғыстауды қазір қолға алмаса, болашақта халқы күйзеліске ұшырайды.

"Маңғыстау облысы он жыл бұрын өзін-өзі 75-76 пайызға қамтамасыз ететін. Қазір оның үлесі 55-56 пайызға дейін төмендеп кетті. Көп адам "не себепті осындай болып жатыр?" дейді. Оның да бірнеше себебі бар. Ең үлкен себебі - Маңғыстау облысы Қазақстандағы халқының өсу қарқыны жағынан бірінші орында тұрған өңір. Халқының саны өте тез өсіп жатыр. Бірақ экономикасының құрылымы, өндірістің жаңа салалары, бизнестің жаңа салалары, өкінішке қарай, Маңғыстау облысында жақсы дамып жатқан жоқ. Соның салдарынан бюджетке түсетін қаражат бұрынғыдай үлкен деңгейде түсіп жатқан жоқ. Бірден-бір айғағы ретінде Маңғыстау облысында жұмыс істеп жүрген адамдардың еңбек нарығындағы жағдайына келейік, отыз пайыздан астамы бір өндірісте, мұнайдың айналасында жұмыс істейді. Сегіз пайыздайы құрылыс саласында жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін адамдардың үлесі бір пайызға да жетпейді. Ал енді бизнесте кәсіпкерлердің үлесі бес пайызға да жетпейді. Сондықтан жанын қинап жұмыс істеп, кәсіппен айналысқаннан гөрі "маған бере бер" деп аузын ашып отырған оңай сияқты көреді. Менің білетінім әкімшілік тарапынан, Үкіметтің тарапынан Маңғыстау облысының экономикасын жетілдіру үшін арнайы бағдарламалар дайындалып жатыр. Ертелі-кеш іске асатын болар.

Маңғыстаудың экономикалық жағдайы, халықтың күйі қашан да басшылардың назарында. Осы бастан Маңғыстау өңірінің экономикасын жақсартуға, құрылымын жаңартуға көңіл бөлмейтін болсақ, болашақта ол жердің халқы үлкен күйзеліске ұшырауы мүмкін", - деді ол сұхбат барысында.


Рекомендовать
Последние новости