Орталық Азияға қауіп қайдан төнуі мүмкін?

Dalanews 27 июл. 2016 05:12 889

Жер-дүниеде бірінен соң бірі болып жатқан лаңкестік әрекеттер адам қанын судай ағызуда. Ең соңғы, Кабулда болған террорлық актіде 80 адамның көз жұмып, 230-дан астамының жарақат алғаны жайлы жантүршігерлік хабар тағы тарады. Бұл орайдағы жауапкершілікті «Ислам мемлекеті» халықаралық террорлық ұйымы өз мойнына жүктеді. Ал Ауғанстанда әрекет ететін «Талибан» экстремистік ұйымы бұл жолғы террорлық актіден бастарын арашалап, оны елде азамат соғысын, дүрдараздық өртін тұтандыру мақсатын көздеген қастандық деп мәлімдеуге асықты. Десе де, осы талибандар туралы біраз жайларды дәл қазіргі уақытта қазақстандық қауымның біле жүргені артық емес деген оймен төменде саясаттанушы пайымын жариялап отырмыз.

Қазақстан жұртшылығы Алматыдағы оқиғаларды және Түркиядағы сәтсіз төңкеріс әрекетін дүрліге талқылап жатқан кезде біз үшін маңызы солардан кем емес бір оқиға елеусіз қалған сияқты. Ол – «Талибан» қозғалысының Орталық Азия елдеріне жасаған үндеуі. Осы жылдың 18 шілдесінде жария етілген мәлімдемеде талибтердің біздің елдеріміздің ішкі істеріне араласпайтындығы және «Басқаға зиян жасама, бірақ, өзіңе зиян жасауға да мүмкіндік берме» қағидатын басшылыққа алатыны айтылған.

Оның үстіне, «Ауғанстан Ислам Әмірлігі» (талибтер өздерін ресми түрде осылай атайды) қозғалыс бақылауындағы Ауғанстан аумағында өздерінің біздің өңірге зиян келтіргісі келетін террорлық ұйымдардың қызметін өрістетуге рұқсат етпейтінін қадап айтады.

Бұл талибтер тарапынан жасалған осы тектес бірінші мәлімдеме емес. Бұрын қозғалыс негізін қалаушы, аты аңызға айналған молла Омардың атынан әртүрлі мұсылман мерекелерінде қысқа хабарламалар жарияланып, оларда ешкімнің де көрші мемлекеттермен қарым-қатынасты нашарлатуға бармайтындығы айтылатын.

Әлем жұртшылығы 2015 жылы молла Омардың 2013 жылдан бері тірі еместігін білсе де, көптеген сарапшылар талибтер сөзінің шындығына күмәнмен қарай бастады. Сол кезден бері талибтер өз серкелерін екі рет ауыстырды.

Омардан кейін бас қолбасшылыққа молла Ахтар Мансұр келді. Оның кезінде Ауғанстандағы шабуылдар күшейіп, қан бұрынғыдан да көбірек төгілді. Талибтердің өз ішіндегі қайшылықтар одан сайын асқынып, ширыққан жанжал сыртқа шықты, ал Ауғанстанның ресми өкімет орындарымен іске асып жатқан бейбіт келіссөздері үзіліп қалды.

Сонымен қатар, Мансұрдың кезінде Ауғанстанның солтүстігіндегі, Тәжікстанмен шектесіп жатқан Құндыз басып алынды. Көптеген шетелдік сарапшылар мен саясаткерлер талибтер енді Орталық Азияға бет түзей алады деп болжалдап, дабыл қаға бастады. Душанбе мен Ашхабад ықтимал шабуылдың алдын алу үшін шекарадағы бақылауды күшейте түсті.

Ауғанстан мәселесінің білгірлері «Талибан» үшін тек осы елдің ғана аса маңызды екендігін айтып келеді. Ал олардың өздері осы жылдар ішінде БАҚ-тағы байбаламның салдарынан Орталық Азия халықтарының көзінде «бөтен» деп саналды. Сол кезде қайсы бағаның дұрыс екенін, ал қайсысының үрейді ушықтыруға бағытталғанын анықтау қиын болып қалған-ды.

Қаланың бір бөлігін Кабул күштері қайтарып алғандығына қарамастан, Құндыздағы оқиғалар кімнің кім екендігін, талибтердің шын бет-бейнесін айқындап алуға мүмкіндік берді.

Құндыздың басып алынуы талибтердің Орталық Азия алдында берген сөздерінде тұрды ма, жоқ па – сол жағдайды анықтады. Түрікменстанмен және Тәжікстанмен арадағы шекара бойында болып тұратын қақтығыстарға қарамастан, талибтердің іс-әрекеті әзірге олардың берген уәделеріне қайшы келмейді.

2016 жылдың мамырында ауған-пәкістан шекарасында АҚШ ұшағының соққысынан ажал құшқан молла Мансұрдың ойда жоқтағы өлімінен кейін қозғалыстың бұдан былайғы тағдыры қалай болатындығы туралы мәселе қайтадан күн тәртібіне қойылды.

Соңғы екі жылда ауғандық және пәкістандық талибтердің базыналы бөлігі ДАИШ қатарына кіре бастаған, ал «Өзбекстанның Ислам қозғалысы» топ көшбасшысы Әбубәкір әл-Бағдатиге жариялы түрде ант берген кезде бұған таңдануға болмас. «Ислам мемлекеті» елде белсенді қимыл өрістеткеннен кейін талибтер аталған ұйымның Тахар, Құндыз, Бағлан сияқты солтүстік провинциялардағы сарбаздарын тұтқынға алуға және көзін жоюға пәрмен бере бастады.

Қозғалыстың келесі көшбасшысы болып молла Омардың жақын серіктерінің бірі Хайбатулла Ахунзада тағайындалды. Ол ДАИШ-ке қарсы күресті жалғастырды. Көптеген сарапшылардың есептері ДАИШ-тің Ауғанстандағы өрісі тарылып жатқанын айғақтай­ды.

Мұның бір себебі, олардың молла Омардың өлімінен кейін қалыптасқан ұтқыр сәтті толық пайдалана алмағандығында жатыр. ДАИШ үздіксіз жеңілістерге ұшырап, біраз аумақтарынан айырылды. Қазір оның сарбаздары негізінен Нангархар провинциясында шоғырланған.

Жаңа көшбасшы Хайбатулланың соңғы мәлімдемесіне қарағанда, қозғалыс бейбіт көршілестік ұстанымына негізделген ескі бағыттың жақтаушысы болып қала бермек. Бірақ, бұл жағдай «Талибан» қозғалысын Орталық Азияның одақтасы ете алмаса керек.

Сөйте тұра, ол талибтерге қатысты үрей мен сыртқы күштердің негіз­сіз әрекеттерін азайтуға бағытталған. ДАИШ-ке қарсы майданға белсенді түрде шыға отырып талибтер Орталық Азия тағдырына алаңдаудан бұрын, оларға Ауғанстанды беріп қоюдан қауіптенеді. Өйткені, бұл ел талибтердің «таби­ғи ортасы» болып табылады. Ауғанстан болмаса, оларға Орталық Азия маңызды емес.

Егер талибтер «Ислам мемлекетінен» жеңіліс тапса, бұл олардың соңғы он жылдағы бүкіл талпынысын, НАТО, АҚШ пен Кабул күштеріне қарсы барлық күресін зая кетірмек. Осыған байланысты «Ислам мемлекеті» басқа елдердің алдында талибтерді сенім-беделден айыратын басты арандатушы болуда.

Сондықтан талибтер өздері үшін ең бастысы Ауғанстан екендігін қайта-қайта еске салады. Талибтер өздерінің ауғандық ДАИШ-тің жақтастары ретінде қарғысқа ұшырамауын қалайды.

Бірақ, бәрібір Ауғанстандағы ДАИШ эпопеясы әлі аяқталмағанын ұмытпаған жөн. Ыстанбұлда, Кабулда болғанындай, ДАИШ-тің әлемнің басқа өңірлерінде де террорлық актілер жасауға ұмтылатындығын ескере келгенде, Ауғанстан географиялық тұрғыдан бізге неғұрлым жақын ел ретінде толассыз тайталас талқысында қала бермеуі тиіс.

Біздің барлық күш-жігеріміз осы елден шығатын қауіп-қатерді барынша азайтуға жұмсалғаны абзал. Қатер басқа өңірлерден де шығуы мүмкін. Демек, ДАИШ идеологиясының жақтаушылары бізге Ауғанстаннан ғана келеді деген сөз емес. Ақтөбе мен Алматыдағы соңғы оқиғалар тұрғысынан алғанда «Талибан» қозғалысының соңғы мәлімдемесі, әлбетте, Ауғанстандағы тұрақсыздықтан туындайтын қауіп-қатер деңгейін төмендетпейді. Алайда, талибтердің қазір қандай ахуалда екендігін түсіну Ауғанстандағы жанжалдасушы тараптар арасындағы тәуекелдер мен себептерді байыпты бағалауға мүмкіндік беретіні анық.

 

Данияр ҚОСНАЗАРОВ, саясаттанушы.

 

Дереккөзі: «Егемен Қазақстан» газеті

Рекомендовать
Последние новости