Өрт орнына уақтылы жетпеген құтқарушылар 12 млн теңге айыппұл төлейді

Қаракөз Амантай 18 нояб. 2024 16:18 134

Алматы облысында өрт орнына уақтылы жетпеген құтқарушылар 12 млн теңге өтемақы төлейді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сотта анықталғандай, 2023 жылдың мамырында сағат 17:30 шамасында Елтай ауылының тұрғыны өрт сөндіру бөліміне телефон соғып, үйіне жақын аумақта кепкен шөптің өртеніп жатқаны туралы хабарлаған. Өрт сөндірушілер қоңырауға мән бермеген. Өрт орнына әкімдік өкілі барып, жергілікті тұрғындармен бірге қолдан жасалған құралдармен өртті сөндіруге әрекеттенген.

Өрт сөндіру қызметі оқиға орнына тек 22:40-та барып, өз жұмыстарына кіріскен. Салдарынан тұрғын үй өртеніп, ауыл тұрғынына 11,9 млн теңге материалдық шығын келтірілген, – делінген іс материалында.

Осыған байланысты үйдің иесі Елтай ауылдық округі әкімі аппаратының және өрт сөндіру қызметінің өрт кезіндегі әрекетсіздігін заңсыз деп тану және келтірілген материалдық шығынды өтеуді талап етіп сотқа жүгінген.

МАӘС-ы өрт сөндіру қызметінің әрекетсіздігін заңсыз деп танып, келтірілген материалдық шығынды 11,9 миллион теңгені өтеуге міндеттеді. Өрт сөндіру қызметі бұл шешімге шағым түсірді.

Алматы облыстық соты іс материалдарын зерделей келе, бірінші сатыдағы соттың шешімі заңды және негізді деген қорытындыға келді. Іс бойынша үкім өзгеріссіз қалдырылды.


Рекомендовать
Последние новости