Үкімет отырысында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бірқатар облыс әкімдіктерінің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, өңірлер өртке қарсы техниканы лизинг арқылы жаңартуға тиіс, алайда бұл бағытта алға жылжу байқалмайды.
“256 өрт-бақылау мұнарасы қажет болған жағдайда, орман шаруашылықтарында бар-жоғы 185 мұнара ғана бар. Жаңа мұнаралар салу жұмыстары Павлодар, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарында өзгеріссіз қалып отыр. Сондай-ақ Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында орман өрт станцияларының тапшылығы байқалады. Қазіргі қолданыстағы станциялардың жартысы өткен ғасырдың 50–60 жылдары салынған. Аталған облыстардың әкімдіктері эмиссиялардан түскен қаражат бола тұра, жаңа орман-өрт станцияларын салуға қаржы бөлмей отыр”, – деді Ерлан Нысанбаев.
Министрдің айтуынша, Шығыс Қазақстан (1154 бірлік қажет, бар болғаны – 833), Ақмола (535/504) және Павлодар (208/92) облыстарында орман күзетінің саны нормативке жетпей отыр.
"Жалпы, 2025 жылғы 7 сәуірдегі жағдай бойынша Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының орман мекемелері мен “Семей орманы” резерваты өрт қауіпті маусымға дайын емес. Министрлік жүргізген тексерістер нәтижесінде кемшіліктерді жою және техниканы 2025 жылғы 15 сәуірге дейін толық дайындыққа келтіру туралы ұсыныстар облыс әкімдіктеріне жолданды", – деп түйіндеді министр.