Орыс сыныптарының азайғанына алаңдаған Ресей консулы Қазақстаннан кетіп тынды

Dalanews 29 авг. 2023 05:47 848

Ресейдің Қазақстандағы бас консулы Евгений Бобров дипломатиялық қызметін аяқтаған, ол 26 тамыздан бастап жұмыс істемейді. Бұл туралы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

Бобров өткен аптада ТАСС ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Қазақстандағы орыстілді сыныптардың азайғанын айтып, Қазақстан оқу-ағарту министрлігін айыптай сөйлеген.

Бас консул сол сұхбатында «орыс тілді мектептер мен сыныптар саны қысқарғанын, қазақ тілінде оқытатын бірінші сынып оқушыларына арналған бағдарламадан «орыс тілі» пәнінің алынып тасталуы, педагогикалық институттардың орыс тілінде мамандар даярлаумен айналысатын факультеттерінің қысқаруы кадрлық ресурстардың шектелуіне әкелгенін айта келіп, бұл құбылыстың объективті себептері орыс халқының Қазақстанда 15,2%-ға дейін азайғанынан» деп түсіндірген.

Оның бұл сөзі Қазақстан қоғамында қарсылық тудырды.

Смадияров журналистердің "Бобров қызметін аяқтап кетіп бара жатып, осы сөзді айтып кетті ме?" деген сұрағына жауап бермеді, Бобровтың сөзі "дұрыс емес" деді.

"Ол (Евгений Бобров – авт.) ақпаратты білмейтін шығар. Алматыда болған соң тек шектеулі ақпаратқа сүйенген болар. Бірақ 26 тамыздан бері ол Қазақстанда жұмыс істемейді. Қазір Евгений Бобров Ресейдің Алматыдағы бас консулы емес", - деді ол СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Айбек Смадияровтың айтуынша, Қазақстанда орыс тілінің аясы тарылмаған.

«Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қазір Қазақстанда мемлекеттік 7 711 мектеп бар. Тек қазақ тілінде білім беретін – 3957 мектеп, орыс тілінде білім беретін – 1203, ал аралас мектеп саны – 2 551.

Осы дерекке сүйенсек – жоғары көрсеткіш. Алайда уақыт талабына сай қазір қазақша білім беретін мектептердің саны артып жатыр», - деді ресми өкіл.

Кейінгі уақытта Ресейде Қазақстандағы ұлтаралық қатынастар және орыс халқының жағдайы туралы әртүрлі деңгейдегі талқылаулар күшейген.

Ресейлік саясаткерлер мен пропаганда журналистері ара-тұра "Қазақстанда орыс тіліне қысым жасалып жатыр" деп бірнеше рет мәлімдеме жасаған. Ресейлік саясаткерлер Қазақстандағы қазақ тілді белсенділердің әрекетін және тілге қатысты заңдарды жиі сынға да алған.


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 7 қазанда Санкт-Петербургте ТМД елдері басшыларының бейресми саммитінде ТМД жанынан орыс тілін қолдау және дамыту бойынша халықаралық ұйым құруды ұсынған. Ұсынысты Ресей басшысы Владимир Путин қолдаған еді.

Рекомендовать
Последние новости