Олардың денесін сүңгуірлер алып шыққан. Екінші ауысымда оқитын үшеуі де кеше күндіз үйінен «мектепке барамыз» деп шығып кеткенімен, сабаққа қатыспаған екен. Оларды ұстаздары да іздемепті. Тек кеш қарағайғанда барып сабақтан қайтпаған балаларына ата-аналары іздеу салған.
Жоғалған үш оқшыны түні бойы ауыл азаматтары мен еріктілер іздеген.
Ал таңға жуық еріктілердің бірі үш оқушының сөмкесін жағалаудан тауып алыпты. Бұдан кейін оқиға орнына құтқарушылар келіп үш баланың су ішінен тапқан.
Айналасы қоршалмаған көлшік ауыл ортасында қараусыз жатыр. Егер жағалаудан балалардың сөмкесі табылмағанда, олардың осы жерде екенін ешкім де білмес еді.
Көлшік мектептен шамамен бір шақырым қашықтықта орналасқан. Бірақ бір мектепте оқитын Сабыр, Вадим мен Денистің бұл жерге қалай келгені белгісіз.
Өйткені айналасын қамыс басқан тоғанның маңайында үй-жай жоқ. Қоғамдық көлік те қатынамайды. Алайда қаза болған Вадимнің туыстары оның «мектепке барамын» деп автобусқа отырып кеткенін айтады.
– Түскі бірде мектепке кетті. Анасы өзі шығарып салған. Сабақта телефон қолдануға болмайды. Сондықтан кешке дейін оны іздеген жоқпыз. «Сабақта отыр» деп ойладық. Алайда мектептен шықты-ау деген кезде хабарлассақ, телефоны өшіп тұр. Содан бастап оларды іздей бастадық, – дейді туысы Диана Николаева.
Үш оқушының жоғалып кеткенін мектеп ұжымы да әбден кеш қарайғанда естіген. Сондықтан барлығы жабылып іздеуге кіріскен. Тіпті полицияға хабарласып, еріктілердің көмегіне жүгініпті.
– Сағат үштен кеткенде біздің Алексей деген волонтеріміз септик па, кәріз құдығы ма, жағалауынан үш рюкзак тауып алды. Кейіннен полиция, жедел жәрдем, төтеншеліктерді шақырттық, – деді ерікті Ләззат Талимова.
Кеше сабаққа келмеген оқушыларды мұғалімдердің неге іздемегенін сол күйі біле алмадық. Өйткені білім ошағынан үш оқушының ауыр қазасына қатысты пікір білдіретін бір адам табылмады. Басшылардың бәрін полиция бөлімшесіне шақыртып кетіпті.
Үш жеткіншектің өмірін жалмаған тоғанға жақын маңдағы балалар сырғанақ тебуге жиі келеді екен. Алайда ауыл тұрғындары күн жылыда оның қауіпті екенін айтуда. Сондықтан кәріз суы жиналатын көлшіктің айналасын қоршауды талап етуде.
Диас НҰРАҚЫН
https://dalanews.kz/50391