Шымкентте «Ордабасы» футбол клубының бұрынғы басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
ҚазАқпарат мәліметінше, қылмыстық іс қозғауға бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану күдігі негіз болған.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2023–2024 жылдар аралығында клуб 18 футболшымен жалпы сомасы 2,3 миллиард теңгеден асатын келісімшарттар жасаған. Бұл қаржының шамамен 1,9 миллиарды бір жыл ішінде шетелдік ойыншылардың жалақысын төлеуге жұмсалған. Құқық қорғау органдары мұндай шығындардың негізділігіне күмән келтіріп, өкілеттікті асыра пайдалану дерегі болуы мүмкін екенін атап өтті.
Оқиға қоғам назарына Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековтің мәлімдемесінен кейін ілікті. Әкім клубтың қалалық бюджетке шамадан тыс салмақ түсіріп отырғанын сынға алған. Әсіресе ұлттық құраманың капитаны Асхат Тағыбергеннің жағдайы ерекше назар аудартты. Оның «Ордабасыдағы» айлық жалақысы шамамен 20 миллион теңге болған. 2025 жылдың ақпан айында оның келісімшарты екі тараптың келісімімен ешқандай талап-арызсыз бұзылған. Бұл шешімде келісімшартта қарастырылған айыппұл талаптары ескерілмеген.
Жарияланған мәліметтерге сүйенсек, соңғы бес жылда Шымкент қаласының бюджетінен «Ордабасы» клубына 23 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Алайда бұл соманың небәрі 11 пайызы ғана балалар мен бұқаралық футболды дамытуға жұмсалған. Қалған қаржы кәсіби ойыншылардың, соның ішінде ай сайын 2 миллион теңгеге дейін жалақы алатын легионерлердің еңбекақысын төлеуге кеткен.
Қазіргі таңда аталған іс бойынша тергеу жалғасуда. Егер бюджет қаржысын мақсатсыз пайдаланғаны немесе иемденгені дәлелденсе, клубтың бұрынғы басшылығы қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.