Қазақстанның қадірін білмеппіз - Германияда тұрған ерлі-зайыпты неміс жерінен қайта оралды

Көркем Алдабергенова 10 июн. 2025 18:12

Германияға арман қуып барып, ақыры көңілі суып қайтқан қостанайлық Анна мен Вячеслав Понтак екі елді салыстырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Германиядағы туыстарына қоныс аударғанда, өмірдің жаңа кезеңін үлкен үмітпен қарсы алған еді. Бірақ, шетелдегі күнделікті тұрмыстың ащы дәмін татпайынша, мұның жай ғана тәтті қиял екенін түсінбепті. Алғашқы соққы неміс бюрократиясынан тиді. Вячеславтың тұруға рұқсат алу құжатын тапсыруға бірнеше рет барып, әр барған сайын қағаздарын жоғалтқан кеңсе қызметкерлеріне тап болды. Соның салдарынан, «тағы екі-үш күн кешіккенімде құжатсыз қалып, елден қуылатын едім» дейді ол.

«Қазақстанда да барлығы әп-сәтте шешіле қоймайды. Дегенмен, бізде құжаттар бір жерде – ХҚКО-да. Ал Германияда құжат жинау үшін бір күні бірнеше кеңсеге барып, аяқ тоздырып жүресің», – деп сипаттайды Вячеслав.

Германияның екінші сынағы Аннаның жүргізуші куәлігін қайта алуымен байланысты болды. Бұрынғы құжат Германияда жарамсыз болып, авто мектепке жазылып, қайтадан емтихан тапсыруға мәжбүр болды. «Көп уақытым, қаржым, жүйкем кетті» деп күрсінеді Анна.

«Достарымыз бен таныстарымыз Германиядағы өмірді ауыздарының суы құрып мақтайтын. Барлығы жайлы, өмір сүру жеңіл дейтін. Бірақ шынайы тұрмысқа тап болғанда мүлдем басқа көрініске куә болдық. Көшпей тұрып, шын өмірдің қандай екенін ұға алмайсың екен», – дейді ол.

Әрине, Германияда табыс жақсы. Жалақы Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Бірақ тапқан ақшаңның үлкен бөлігін салыққа төлейсің. Бензин, азық-түлік, коммуналдық қызмет – бәрі өте қымбат. Бір литр жанармайдың өзі – 850 теңге. Шағын заңбұзушылықтың өзі қалтаңды қағып кетеді. Немістердің «тәртіптілігі» сол қатал айыппұлдардан шыққан. Бір жағынан жақсы шығар, бірақ кейде бұл тәртіп пен тәрбие арасындағы адами қарым-қатынасты жойып жібергендей. Көршің сенің болмашы қателігіңді байқаса, дереу билікке жеткізіп, айыппұл салдыра салуы мүмкін.

«Тағы бір жайт – Германия жастарының үлкендерге құрметсіздігі. Автобуста орын бермек түгіл, қоғамдық көлікте, пойызда еш қымсынбай ішімдік ішіп, кез келген жерде темекі тарта береді. Тіпті, 2024 жылдан бастап марихуананы ішінара заңдастырған. Мұндай дүниелер біздің болмысымызға мүлде жат», – деп таңданыстарын жеткізді ерлі-зайыпты.

Ақыры Анна мен Вячеславқа Германияның әлеуметтік тұрақтылығы да, жоғары өмір деңгейі де жүректің тереңінде сақталған туған жердің жылуын алмастыра алмады.

«Енді елге қайту үшін құжат жинаймыз. Паспортты ауыстыру керек. Қолда бар алтынның қадірін бағаламаған екенбіз. Бәрі салыстырмалы түрде танылады. Кей нәрседе біз артта шығармыз, бірақ Қазақстанда біз үшін маңызды артықшылықтар әлдеқайда көп», – деп түйіндейді ерлі-зайыпты Понтактар.


Рекомендовать
Последние новости