ОҚО-ның әлеуметтік салаларына «КАТКО» жыл сайын 300 млн. теңге бөлетін болды

Dalanews 01 мар. 2017 05:03 903

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев уран өндіруші «КАТКО» Қазақстан-Француз бірлескен кәсіпорыны» ЖШС-нің бас директоры Жерар Фриеспен кездесті.

Басқосуда қос тарап бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде өңіріміздің әлеуметтік салаларын қаржыландыру жөніндегі меморандумға қол қойды. Әкімдік тарапынан жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде, «КАТКО» бірлескен кәсіпорыны жыл сайын облыстың әлеуметтік салаларына 300 млн. теңге көлемінде қаржы бөліп отыратын болады.

Сонымен қатар, меморандум түзу шарасы аясында уран өндіретін кәсіпорын қажетті тауарларды отандық тауар өндірушілерден сатып алуға ниетті екенін білдірді.

Айта кетейік, бұған дейін аталған компания өңірдегі әлеуметтік салаларға 150 млн. теңге көлемінде қаржылай көмек беріп келген болатын.

«КАТКО» Қазақстан-Француз бірлескен кәсіпорыны» ЖШС-і Созақ ауданындағы «Мойынқұм» кенінде бастап уран өндірумен айналысатын кәсіпорын.

Жылына 4 мың тоннаға дейін уран өндіретін компания өткен 2016 жылы қазынаға 22,6 млрд. теңгені құрайтын салық құйған. Мұнан бөлек, облыс тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, сол маңайдағы елді мекендердің әлеуметтік мәселесіне көңіл бөліп келген. Аталған компанияда бүгінде 1276 азамат еңбек етсе, оның 1246-сы қазақстандықтар, ал оның 899-ы, яғни, 72 пайызы оңтүстікқазақстандықтар.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости