ОҚО әкімі мәжілісмендермен кездесті

Dalanews 26 апр. 2018 16:55 909

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ә.Бектұрғанов, Ж.Нұрмағанбетова, Б.Хаменова, А.Тасболатов, Н.Жұмаділдаева және «Нұр Отан» партиясының «Білім» бағыты бойынша Комиссияның хатшысы Ш.Лепсибаевпен кездесті. Бас қосуда Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуіндегі еліміздегі білім сапасын жақсартуға байланысты қойған тапсырмасын орындау жайы талқыланды.



Кездесу барысында аймақ басшысы өңіріміздің білім саласының жай-күйімен таныстырып, қонақтарды Президент қойған міндеттерді бірлесіп орындауға шақырды.

– Елбасы 2022 жылға дейін 75 мың орындық студенттер үйін салуды тапсырғаны белгілі. Осы ретте өздеріңіздің тәжірибелеріңізбен бөлісе отырып, жатақхана салу, оқу орындарындағы техникалық оқу базасының жақсаруына мәйлінше ықпал етуге шақырамын. Студенттер жатақханамен қамтылса, көптеген мәселе шешілгелі тұр. Атап айтқанда, төмен бағада жататын орын, жолақы шығыны және жастардың қауіпсіздігі оңынан шешіледі деген ойдамын, – деді Жансейіт Түймебаев.

Сондай-ақ, облыс әкімі өңіріміздегі білім саласына енгізілген цифрландыру жүйесіндегі жаңалықтармен де бөлісті. Бүгінде оңтүстіктегі бірқатар аудан қалаларда мектеп директорын жұмысқа, балаларды балабақша мен білім ұяларына қабылдау жұмыстары электрондық жүйеге көшкен. Одан бөлек электронды күнделік бағдарламасы да алғаш болып ОҚО-да қолға алынып отыр. Нәтижесінде білім беру саласында адами факторлар азайып, қағазбастылық пен сыбайластықтың төмендегені сөз болды.



Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Ә.Бектұрғанов облыста атқарылып жатқан жұмыстар көңіл қуантатынын айтып, білім саласындағы мәселелерді шешу жолында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Халық қалаулылары облысымызда бірнеше күн болып, оқу орындарды аралып жатақханалардың жай-күйімен танысатындарын жеткізді.

Айта кетейік, ОҚО-да бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 74 мыңнан аса студент білім алуда. Мемлекеттік 36 колледждің 32-сі жатақханамен қамтамасыз етілген. Мемлекеттік 36 колледждің барлығы 100% асхана және буфеттермен қамтамасыз етілген.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости