«Open space» – халыққа қызмет көрсетудің тиімді жолы

Dalanews 28 мая 2019 02:14 1266

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам: Ұлт жоспары» бес институционалдық реформасының «Экспорттық және импорттық кеден рәсімдерінен өту кезінде «Бір терезе» қағидатын енгізу» деп аталатын38 қадамында электронды жария ету жүйесін дамыту мақсат ретінде қойылған. Жалпы «Бір терезе» қағидаты дегеніміз – мемлекеттік қызметті алушының құжаттарды жинау мен дайындауға барынша аз қатысуы және уақытын үнемдеуі. Сондай-ақ, бұл принцип қызмет көрсетушілермен тікелей байланысты жойып, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуді көздейді.

Қазіргі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруда бірқатар жұмыстарды қолға алған. Соның бірі - азаматтардың жоғарыда аталған мүмкіндіктерді пайдалана білуіне жағдай жасап, жаппай цифрлық сауаттандыруды жүзеге асыру болып табылады.

Жуырда «Бір терезе» қағидаты негізінде Шу қалалық әкімшілік аппаратының ғимаратында «Open space» деп аталатын арнайы орталық ашылды. Нақтырақ айтқанда, бұл –мемлекеттік және өзге де жергілікті атқарушы органдар көрсететін қызметтерді жедел, әрі жылдам ұсынып, азаматтардың талап-тілектерін оңынан шешу үшін ойластырған жоба. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бастамасымен жүзеге асқан бұл жоба тәжірибесі облыс бойынша біздің ауданнан бастау алғандығын атап өткіміз келеді.

Қызмет көрсету орталығының ашылу салтанатына ауданның бұрынғы әкімі Қайрат Досаев қатысып, қалалық ардагерлер кеңесі ұйымының төрағасы Қуаныш Қарғабаевпен бірге лентасын қиды. Осыдан кейін шулық тұрғындар орталық ішін аралап көріп, сол күннен бастап қызмет көрсетушілерге құжат бойынша көкейлеріндегі сауалдарын қойды.

Енді шулықтар бір орталықтан бірнеше қызмет түрін ала алатын болады. Ал оның ішінде келушілерге бар жағдай қарастырылған. Мұнда кезек күтушілер уақыт өткізу үшін  теледидар мен газет-журнал қарауына болады. Ал ата-анасымен еріп келген балаларға ойыншықтар қойылған. Міне, осылайша шулық шенділер қарапайым халыққа қызмет көрсетудің оң үлгісін көрсетуде.

Рекомендовать
Последние новости