Қызметкерлердің құқығы басты назарда

Dalanews 28 мая 2019 02:10 836

Жуырда Шу ауданында әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссия отырысы өтті. Аудан әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбековтың жетекшілігімен өткен бұл басқосуға облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Б.Нарбаев қатысып, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, кәсіподақ комитеттерінің төрайымдары, жеке кәсіпкерлер, өңірдегі бірқатар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің басшылары шақырылды.

Күн тәртібінде жұмыс беруші мекемелердің еңбеккерлерге жалақы бойынша қарыздары, өндірістік жарақат және жазатайым оқиғалар мен олардың алдын алу, жалақысы төмен еңбеккерлер жалақысының мөлшерін арттыру, әлеуметтік еңбек қатынастарын цифрландыру, ұжымдық шарт қабылдау, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі сынды мәселелер қозғалды.

Жиынды ашып, оған қатысушыларды күн тәртібіндегі мәселемен және облыс орталығынан келген қонақпен таныстырып өткен Ә.Балқыбеков сөз кезегін Б.Нарбаевқа берді. Ол өз сөзінде жоғарыда аталған мәселелер төңірегіндегі ауданның ахуалын баяндады. Сонымен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мәселесін де назардан тыс қалдырмай, бұл тұста аудандық әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үш жақты комиссияның рөлі ерекше екендігін атап өтті. Сондай-ақ, осыдан екі жыл бұрын қолға алынған тұрғындардың мәртебесін анықтау жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуі әлеуметтік еңбек қатынастарының шиеленісуіне өз ықпалын тигізіп отырғаны да айтылды. Өйткені, ол келесі жылы қолданысқа енгізілетін міндетті медициналық сақтандыру бойынша төлемақы төлеуде басты негізге алынбақ. Жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы келісімшарттың орындалмауы да жиі кезігетін жайт болып отыр. Тіпті, дәмхана, мейрамханада жұмыс жасайтын болса да келісімшарттың болуы қажеттігі заңда көрсетілсе де, көп жағдайда оған мән берілмейді. Ал, бұл өз кезегінде еңбек қатынастарының бұзылуына алып келді. Жиын барысында ұстаз мәртебесін көтеру мәселесі де қозғалды. Бұл жөнінде облыс орталығынан келген қонақ ұстаздар арасындағы көпбалалы аналарға қолдау көрсету, ұжымдық шартқа көпбалалы аналар бойынша өзгеріс енгізу мәселелері алдағы шілде айында ұстаз мәртебесі туралы заң қолданысқа енгізілетін болса, сол кезде тағы да нақтылана түсетінін жеткізді. Өйткені, ұстаздың әлеуметтік қорғалуы сапалы білімнің кепілі екендігін баста назарда ұстау көзделген.

Келесі кезекте аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Г.Керімбаева, аудандық білім мекемелері кәсіподақ комитетінің төрайымы А.Бекмурзина күн тәртібіндегі мәселелер төңірегінде өз салалары бойынша жүргізілген жұмыстар жөнінде мәлімдеді.

Рекомендовать
Последние новости