Көктөбеліктер тұғыр биігінде

Dalanews 27 мая 2019 02:06 1039

Тұңғыш Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты 2017 жылы сәуір айында жарық көрген мақаласынан басталған Қазақстан қоғамын рухани жаңғырту үдерісі сананы, тарихты, мәдениетті, білім мен өнер салаларын отарсыздандыру процесіне жол ашты деп айтуымызға болады.

Қазақ тарихын отарсыздандыру ісін Тұңғыш Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақаласы тереңдете түседі. Мақалада қазақ халқы өзі жүріп өткен тарихи жолда әлемдік өркениетке қомақты үлес қосып келгендігі нақты мысалдармен дәлелденеді. Біздің бабаларымыздың әлем халықтарына ұсынған үлкен жетістіктерінің бірі жылқыны қолға үйрету, оның ер-тұрманын жасау болғандығын бүгінгі этнология ғылымы дәлелдеп отыр. Бұл құбылыс шамамен 6 жарым мың жыл бұрын іске асырылған. Атта отыру мәдениеті жетіліп, бабаларымыз үзеңгіні пайдаланған. Осы жаңалық оларға атқа мініп алыс сапарларға шығуға, жылқыны соғыстарда жылдам қозғалыс құралы ретінде пайдалануға мүмкіндік берген. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Осыған байланысты, Тұңғыш Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Атқа міну мәдениеті» бөлімі аясында ұлттық спортымыз көкпардан жарыс болып өтті.

Шу қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен шара ауданға қарасты Көктөбе ауылында өткізілді. Жалпы алғанда көкпар ұлттық дәстүрді дамытуға, жастарды жігерлілікке тәрбиелеуге бағытталған қазақ халқының бүгінгі заманға жеткен бірден-бір ұлттық ойыны, бұл қанмен келген қасиет. Бұл жарыс та спорттың осы бір түрін жоғарғы деңгейге көтеру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Ол үшін ең алдымен ат пен көкпаршының шеберлігін байқалуы керек. Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен бірге, көкпар ойыны аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт. Сол себепті, аталмыш спорттың қай жағынан алып қарасақ та тигізер пайдасы мол болып тұр. Оның үстіне, бұл жарыс Шу ауданында бірінші мәрте ұйымдастырылып отырған жоқ. Бұған дейін де облыстық деңгейде үлкен-үлкен додалар өтіп, оған Әулиеата өңірінің белді балуандары да қатысып жүр.

Ал, жоғарыда аталған жарыстың нәтижесіне келер болсақ, бұл сында ауданға қарасты Көктөбе ауылының көкпаршылары үш салым салып, жарыстың жеңімпазы атанды. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан қаржылай сыйлық табыс етілді.

Рекомендовать
Последние новости