Оңтүстікте үш анимациялық фильм түсіріледі

Dalanews 16 мар. 2017 13:27 1385

Оңтүстік Қазақстан облысында осы жылы облыс әкімдігінің қолдауымен «Киелі Қазығұрт», «Күш атасы – Қажымұқан», «Отырарды қорғау» атты 3 анимациялық фильм түсіріледі.

Бұл туралы облыс әкімі Ж.Түймебаев Наурыз мерекесіне арналған  іс-шаралар  апталығының «Ұлттық өнер» күніне орай, кино студиялардың жұмысымен танысу барысында мәлім етті.

Осы күні аймақ басшысы «Оңтүстікфильм» мекемесінде болып, шығармашылық ұжымға шағын автобус табыс етіп, алдағы уақытта өңірдегі барлық өнер ұжымдарына осы сынды көлік сыйға тарту жоспарланып отырғанын жеткізді.

Өңірде кино саласын дамытуға атсалысып жүрген 9 жеке студия бар. Олардың ішінде 4 киностудия – «Сақ», «Жайдарман», «Мейрам», «Көз тимесін» production» орталықтарының кино түсіруге мүмкіндігі мол.

Мұнан соң, әкім туындыларымен әлемдік деңгейдегі мамандарды мойындатып үлгерген өнер орталығы  – «САҚ» киностудиясының жұмысымен танысып, студия директоры, режиссер Нуриддин Паттеевке шығармашылық шыңдалу жолындағы жетістіктерімен құттықтап, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.



Айта кетейік, жоғарыда аталған 3 фильмді анимациялық жанрда еңбек ететін жалғыз студия – «Сақ» киностудиясы түсіретін болады. Сонымен қатар, студия жетекшілігі әкім сапары кезінде облыс туризмін насихаттайтын «Көне жетігеннің сыры» атты телехикая сценарийін ұсынды. Тарихи тағылымы мол, табиғаты тамаша Оңтүстік Қазақстан облысы туралы жан-жақты дәріптеуге арналған сериалды өңір басшысы оң бағалап,  қолдау білдірді.

Бүгінде «Сақ» киностудиясының қорында 51 анимациялық фильм бар. Құрылғанына биыл 15 жыл толған шығармашылық ұжымда 40 анимация маманы жұмыс істейді.



Жақында ғана киностудия әзірлеген туындылардың ішіндегі «Қазақ елі» толықметражды анимациялық фильмі Египеттегі Каир қаласында өткен «XX Халықаралық анимациялық фильмдердің форумына» қатысып, «Ең үздік толықметражды фильм» жүлдесіне және «Үздік режиссура», «Үздік музыка» номинацияларына ие болып, облысымызды Халықаралық деңгейде бүкіл дүйім жұртшылыққа танытты.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости