Оңтүстікте «Наурыз» апталығы бастау алды

Dalanews 10 мар. 2017 14:33 981

Биыл  «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы аясында Оңтүстік Қазақстан облысында түркі мәдениетін әлемге таныту мақсатында жыл бойы 40-қа жуық іс-шара өткізіледі.  Іс-шара жоспарына сәйкес түркі әлемінің халықаралық ақындар айтысы, түбі түркі тілдес халықтар театры, опера, цирк, би, сатира, дәстүрлі өнер және ұлттық кино және  анимациялық фильмдердің, қолөнер шеберлерінің, музыка фестивальдері ұйымдастырылмақ. Бүгін бұл туралы Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков мәлім етті.

Сонымен қатар түркі мемлекеттері әйелдерінің, медиа, тарихшылар, журналистер форумдары, суретшілердің кездесуі, әдеби журналдар редакторларының конгресі, ақын, жазушылармен кездесулер, бұқаралық ақпарат құралдарына арналған пресс-турлар өткізіліп, кітап көрмелерін ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Айта кетейік, «Түркістан - Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасының аясында ұйымдастырылатын іс-шаралардың жоспары «ТҮРКСОЙ»   халықаралық ұйымы,   ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі  тарапынан   үш жақты қол қоюмен бекітілген.

«21 наурыз күні Түркістан қаласында аталған жобаның салтанатты ашылуы  мен ТҮРКСОЙ Баспасөз сыйлығын тапсыру рәсімі өтетін болады.

Сондай-ақ, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз тойы мерекеленіп, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Мәдениет орталығында ресми қонақтардың қатысуымен «Түркістан және Түркология» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізуді жоспарлап отырмыз», -  дейді Ұласбек Сәдібекұлы.

Сондай-ақ  түркітілдес мемлекеттердің өнер ұжымдары мен Оңтүстік Қазақстан облысы өнер шеберлерінің қатысуымен гала-концерт өтеді.  Аталған іс- шараға   мыңға жуық қонақ келеді деп күтілуде. Оның ішінде 22 түркітілдес және басқа да мемлекеттерден 50-ге жуық ресми қонақ пен БАҚ өкілдері және 230-дан астам  өнер ұжымдары да бар.

Мәдени іс-шаралардың басым көпшілігі Түркістан қаласында өтеді. Кейбір іс-шаралар Түркістан қаласынан бастау алып, Шымкент қаласында жалғасын табады.

Жылдың жабылу салтанаты 2017 жылдың қараша айында Түркістанда өтетін болып белгіленіп отыр.  Жобада Түркі әлемінің 2018 жылғы мәдени астанасы анықталып, эстафетасы тапсырылады.

Бұдан бөлек, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бекіткен іс-шаралар жоспарына сәйкес Ұлттық салт - дәстүр мен әдеп - ғұрыпты дәріптеу, насихаттау мақсатында Наурыз мерекесінің қарсаңында облыс деңгейінде «Наурыз» апталығын өткізу жоспарлануда. Апталық 15 наурыз күні басталып, 21 наурыз күні өз мәресіне жетеді.  Мерекелік апталық аясында түрлі этнос өкілдері арасында Наурыз көже дайындаудан жарыс, жергілікті қолөнершілердің қолынан шыққан кәдесыйлардың жәрмеңкесі, тазалық акциясы, ұлттық өнімдер жәрмеңкесі, қайырымдылық шараларын өткізу көзделіп отыр.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости