ОҢДАСЫНОВТЫ НЕГЕ ҰМЫТТЫҚ?

Dalanews 02 февр. 2015 00:54 1664

Пойызға отырып, Алатаудан Арқаға немесе Арқадан Алатау жақты бетке алғаныңызда ирелеңдеген теміржолға қарап, Оңдасынов туралы ойлап көрдіңіз бе?.. Орталық Қазақстанды көктей өтіп, терістік пен түстікті тіке жалғастырып тұрған теміржол қашан, қандай тарихи кезеңде, қандай жапа-машақатпен салынғалы туралы санаңыздың саңлауында бір кішкентай сәуле жылт етті ме екен? Жоқ, әлде «дамыған елу ел» туралы шырын қиялға шырмалған санаңыз ондай «өткен-кеткенді» қабылдай бермей ме?..

«АБДИ Компани» АҚ жақында 1938 жылдан 1951 жылға дейін Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесін 13 жыл бойы басқарған, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов туралы хронологиялық  құжаттар мен материалдар жинағын басып шығарыпты. Кітапты құрастырып, құжаттарды жүйелеп, жинаған кісінің бірі – ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағатының Ғылыми-ақпарат жұмысы және ғылыми-анықтамалық аппараты бөлімінің басшысы Гүлнәр Қаратаева ханым. Туғанына 110 жыл толған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов жайында Гүлнәр ханыммен аз-кем әңгімелесіп қайтқан едік. Әңгіме барысында түйгеніміз, біздің халық Нұртас Оңдасыновтай арда ұлын ерте ұмытыпты. Тіпті, еске саларлықтай ешқандай белгі-бедер де жоқ екен. Егер, «шаң басқан архивтерді» қайта ақтарып, Оңдасынов әлемін зерттейтін маман болмаса, сүбелі еңбектіі жарық көруіне мұрындық болған жомарт кісілер табылмаса, кім білсін, біздің де біраз жайттан бейхабар қаларымыз анық па еді...

[caption id="attachment_8974" align="alignright" width="448"]АКАДЕМИЯНЫ ИРГЕТАСЫ Ғылым академиясының іргетасы қаланған сәт[/caption]

– Нұртас Оңдасынов туралы осы кітапқа қандай тың деректер енді?

– «Бұл кітапқа Оңдасыновтың беймәлім қырларын танытатын мынадай дүниелер еніп отыр», – деп бір-екі ауыз сөзбен айта салу, әрине, қиын. Шынын айтқанда, Нұртас Оңдасынов туралы жастарды қойып, орта буын өкілдерінің өзі ол кісі туралы көп мағлұматтан хабарсыз. Неге сонша үлкен тұлға, қайраткер туралы көп мағлұматтан бейхабармыз? Кез-келген қазақты ойландыратын сауал. Оңдасыновтың Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесін басқарған кезі өте ауыр кезең. Отызыншы жылдардағы аштық, репрессия, жер жаһанды жалмаған соғыс, бәрі де Оңдасынов өмір сүрген, ел басқарған жылдарға тура келеді. Мұндай кезеңнен елі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, қызмет еткен қайраткер жайында іздеген жан үшін қаншама деректер, құжаттар сақталатыны белгілі ғой. Өткен жылы наурыз айында «АБДИ Компани» АҚ-ның президенті Әбдібек Бимендиев қызметкері Қанат Өскенбайды бізге жіберіп: «Нұртас Оңдасыновтың туғанына 110 жыл толады. Осы даталы күнге орай кітап шығарсақ, деректер тауып берсеңіздер», – деп өтініш жасады. Бұл ұсынысты мұрағатымыздың бас директоры Ләззәт Сүлейменқызы құп алып, шаруаны бастап кеттік. Мұндай үлкен тұлғаға арналған кітапты анадан, мынадан дерек жинап, жеңіл-желпі шығара салуға болмайды ғой. Бұл кісінің бүкіл қызметін жүйелі түрде көрсетуді алдымызға мақсат етіп қойдық. Әрине, құжаттар мен материалдар жинағында оқырмандар, тарихшы ғалымдар, докторанттар мен магистранттар үшін тың деректер көп деп ойлаймын.

– Оңдасынов ел басқарған кездегі қабылданған қандай саяси шешімдердің тарихи маңызы зор болды?

– Осы жинақты құрастыру оңай шаруа болмады. Құжаттар мен материалдарды ақтарған кезде: «Мынау мынадай тарау болу керек, анау анадай бөлімге ену керек екен», – деп жүйелеп отырдық. Ол тараудың әрқайсысы Оңдасыновтың 13 жыл үкіметті басқарған кездегі еңбегі. Сол кездегі қаулыларды көп қарадық. 1936-37 жылдардағы Халкомның қаулыларын қарасаңыз, Наркоматты басқарған адамдарды «Бұл халық жауы, орнынан алынсын» деген қаулылар көп ұшырасады. Ал, бір қызығы 1938 жылы Оңдасынов қалай сайланды, ондай «жерден жеті қоян тапқандай» қаулылар мүлдем кездеспейді. Осының өзінен-ақ Оңдасыновтың кім болғанын білуге болатын шығар?!..

[caption id="attachment_8975" align="alignleft" width="448"]ОНДАСЫНОВ Тарыс өсірумен аты елге жайылған ақсақал Шығанақ Берсиевпен[/caption]

Оңдасынов алғаш ел басқарған жылдардан бастап ( 1939 жылдары) КСРО Халық Комиссарлары кеңесінің алдына қойылып келген Мойынты-Шу теміржолын салу жобасы – айрықша тарихи маңызы бар шешім дер едім. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған тұста Оңдасынов басқарған республика үкіметі мүшелерінен құралған делегация Мәскеуге барып, КСРО Министрлер Кеңесі алдында бұл жобаны жүзеге асырудың қажеттілігін дәлелдеп, құрылысқа қажетті қаржыны бөлгізеді. Бірақ құрылысқа Кеңес Одағы жағынан «жұмыс күші бөлінбейді, Республика өз күшімен салады» деген шарт қояды. Осы теміржол құрылысы туралы Оңдасынов бір сұхбатында: «Целиноград, Қарағанды, Көкшетау, яғни Орталық Қазақстан өңірінен Алматыға пойызбен келмек болған адам, теміржолға тиелген жүк бұрын оңтүстікке қарай төте тартпай, әуелі терістікке, яғни кері қарай жол тартып, Петропавл, Омбы мен Новосибирь арқылы Россия жеріне шығып, содан қайта оралып, үш-төрт тәулікте әзер жететін десем, қазіргі жастар күледі, сенбейді. Басы-қасында болғандар болмаса, былайғы жұрт, өте-мөте елуінші жылдардан кейін өмірге келген орта буын мен қазіргі жастар біле бермейді. Осы теміржорл құрылысы үшін соғыстан титықтап, азып-тозып, сіңірі созылған қалың жұртты – 16 мың адамды жұмылдырдық. Оңтүстіктен, терістіктен сегіз облыстың колхозшылары қамтылды. Күш көлігі – өгіз арба, ат арба. Қолдағы сайманы – зембіл мен күрек, кетпен мен сүймен. Жалаң аяқ, жалаң төс жігіттердің бет-ауыздары шаң-топырақтан көрінбейді...», – деп еске алады. Міне, Оңдасыновтың ел басқарған кездегі тарихи маңызы бар шешімінің бірі осы емес пе!..

– Оңдасынов басшылық қызметте болған тұста ағарту саласында, халықтың мәдени өмірінде қандай істер қолға алынды?

– Оңдасынов ел тізгінін қолға алған жылдан бастап республика көлемінде ағарту ісімен айналысады. Елдегі сауатсыздықты жою, әсіресе, ауылды жерде хат танитын қазақтың қарасын көбейтуге барынша күш салады. Қазақ әліпбиінің латын графикасынан кириллицаға көшуі де сол кезеңде болған. Қазіргі үлкен оқу орындарымыз – Қазақтың спорт және туризм академиясы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті 1944 жылдары – Оңдасынов ел басқарған жылдары ашылған. Республикада ағарту саласымен қатар, халық мәдениетінің өсуіне, жаңа сатыға көтерілуіне ден қойып, халықтың өзіне тән өнерін дамытумен бірге, өнердің жаңа түрлерінің (театр, кино, сурет, мүсін) өркендеуіне қатты көңіл бөледі. Кеңес Одағының орталық мәдени ошақтарынан кәсіби мамандар шақырып, өнердің жаңа түрі – кинематография саласын дамытуды кәсіби негізге қою күн тәртібіне енеді. Осы саланы игерту үшін қазақ жастарын Мәскеуге оқуға жібереді. «Мосфильм», «Ленфильмді» Алматыға шақырып, оншақты көркем және деректі фильмдерді түсіруге жағдай жасайды. 1943 жылы Оңдасынов халық ақындарын орталыққа жинап, айтыс та өткізеді. Абай Құнанбайұлының 100 жылдық мерейтойын өткізу шараларын да ұйымдастырған.

[caption id="attachment_8976" align="alignright" width="448"]УЛЫЛАР зейнетке шыққан соң ғылыммен айналысқан қоғам қайраткері Н. Оңдасынов тұстас-замандастарымен бірге[/caption]

Оңдасынов соғыс болып жатқан сұрапыл кезеңде Қазақстан Ғылым академиясының жаңа ғимаратының салынуына қаражат қарастырып, оның іргесі қаланғанда ырымдап: «Қазақ ғылымы күмістей таза болсын», – деп, күміс ақша шашады. Осы Ғылым академиясының басына Қаныш Сәтбаевтың келуіне де себепші болған. Кезінде Сәтбаевтың газетке шыққан мақаласын оқып, ғалымның сөз саптасы ұнап, оны Мәскеуге шақырады. Кездесіп, сөйлескеннен кейін КСРО Ғылым Академиясының президенті В. Л. Комаровқа алып барып: «Қазақтың Ғылым Академиясының болашақ президенті болуға лайық жігіт», – деп таныстырады. 1942 жылы Оңдасынов білімді, байсалды Дінмүхамед Қонаевты кездестіреді. Кейіннен Алматыға келіп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Скворцовпен ақылдасып, өзіне орынбасарлыққа шақырттырады. Д. Қонаев он жыл бойы Оңдасыновтың орынбасары болады.  Қазақтың тұңғыш кәсіпқой мүсіншісі Хакімжан Наурызбаевтің да қалыптасуына Нұртас Оңдасыновтың тікелей қатысы болған. «Ерді кебенек ішінен танып», үлкен өнер айдынына жүздірген. Енді ол кісінің еліміздегі ауыр өнеркәсіпті дамыту, ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге қосқан үлесін айтсақ, әңгіме ұзаққа кетер...

Осы жинақтаған материалдардың ішінде өзіңізге әсер еткен қандай құжатты айырықша атар едіңіз?

– Нұртас Оңдасынов 1962 жылы зейнеткерлікке шығады. Әрине, еңбегіне қарай сый-сияпат та көрді. Үш рет Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, көптеген медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ол кісі зейнетке шыққаннан кейін де бос жатпаған. «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігін», «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігін» құрастырып, оқырманының ықыласына бөленеді.  Мені таңқалдырғаны, 1947 жылы Нью-Йорктан Нұртас Оңдасыновқа келген хат болды. Анкета мен «New York Times» газетінің қиындысы бірге жолданыпты. Әлемге әйгілі тұлғалар, Нобель сыйлығы иегерлерінің биографиялық энциклопедиясы жайында екен. Оңдасыновқа хат жолдап, анкета толтырып, сол биографиялық энциклопедияға кіретінін айтыпты. Сол заманда мұндай ұсынысқа ие болу дегеніңіз екінің бірінің басына бұйырмайтын бақыт қой. Мұны шет елдің сол кездегі бүкіл қазаққа, қазақ зиялыларына берген бағасы деп қарасақ та, артық болмас.  Мұхиттың ар жағындағы ел еңбегін ескерген тұлғаны бұл күнде біз қалай әспеттеп жүрміз? Әрине, ойланатын шаруа...  

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ырысбек ДӘБЕЙ.

 

 

Рекомендовать
Последние новости