Олимпиада чемпионы Елдос Сметов саяси науқанда өз таңдауын жасады

Қаракөз Амантай 06 окт. 2024 11:49 1099

Дзюдодан тұңғыш олимпиада чемпионы, жамбылдық Елдос Сметов республикалық референдумға қатысып, өз таңдауын жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Ол Тараз қаласындағы №82 референдум учаскесіне келіп дауыс берді.  Мемлекет үшін маңызды оқиғада азаматтық парызын орындаған спортшы өз отандастарының дауысы келешек үшін айрықша мәнге ие екенін атап өтті.  

"Бүгінгі референдум барша қазақстандықтар үшін маңызды оқиға. Атом электр станциясын салу немесе салмау туралы таңдауды халықтың өзі жасап жатқанын жөн деп санаймын. Өз отандастарымды өз таңдауларын жасауға шақырамын. Себебі елдің болашағы қашан да халықтың қолында. Мен де қарапайым халықтың қатарындағы азаматпын. Менің де дауысым маңызды деп ойлаймын. Бүгін өз таңдауымды жасадым",- деді чемпион.

Айта кетейік, бұған дейін Өскемен қаласында Олимпиаданың үш дүркін жүлдегері Ольга Рыпакова референдумда дауыс бергені туралы хабарлаған едік. 

"Бүгін әдеттегідей өзімнің азаматтық позициямды білдіру үшін осында келдім. Сәл ауырыңқырап тұрсам да сайлау учаскесіне келіп, дауыс бердім. Себебі елімнің патриоты болғандықтан, осындай маңызды референдумнан қалыс қалмауым керек. Бұл барша қазақстандықтардың міндеті деп есептеймін", – деп жауап берді қазақстандық жеңіл атлет Kazinform агенттігіне. 


Рекомендовать
Последние новости