24 шілдеде E-Qazyna электронды сауда алаңында мемлекет меншігіне қайтарылған зергерлік бұйымдардың кезекті аукционы өтеді. Бұл туралы Активтерді басқару жөніндегі уәкілетті орган (ҚУВА) мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Саудаға 56 лот қойылады. Олардың қатарында әлемдік деңгейдегі танымал брендтердің эксклюзивті әшекейлері бар.
Арасындағы ең қымбаты — De Beers маркасының 750 сынамалы ақ алтыннан жасалған, әрқайсысы 6 карат тартатын екі бриллианты бар сырғасы. Бұған дейін сәуір айында бұл бұйым 134,4 млн теңгеге бағаланып, сатылымға шығарылғанымен, сұраныс болмаған. Қазір оның бастапқы бағасы 110,6 млн теңгеге төмендетілген.
Сондай-ақ аукционда келесі бұйымдар саудаланбақ:
-
FOPE маркасының сары алтыннан жасалған, 6 інжу мен 192 бриллианты (жалпы салмағы 3,5 карат) бар алқасы. Бастапқы баға — 4,6 млн теңге.
-
Van Cleef & Arpels брендінің ақ алтыннан жасалған, жалпы салмағы 16,92 карат бриллианттармен көмкерілген алқа-шынжыры. Бастапқы бағасы — 38,5 млн теңге.
Еске сала кетейік, бұған дейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдыдан тәркіленген сақ алтыны мемлекет меншігіне өткізіліп, көпшілікке көрсетілген еді.