Белгілі экономист Олжас Құдайбергенов Қазақстанда азаматтардың жеке деректері таралуына байланысты пікір білдіріп, мемлекеттік органдар отандық бағдарламалық өнімдерді қолдану туралы заңды жаппай бұзып отырғанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Экономистің пайымынша, тек азаматтардың жеке деректерін емес, басқа да маңызды, құпия ақпаратты қорғау мәселесіне жіті мән берген жөн. Әсіресе, мемлекеттік мекемелердің қаржылық ақпаратына ерекше назар аудару қажет. Тек ашық түрде есеп беретін квазимемлекеттік компаниялардың деректерін жариялауға болады, ал қалған мемлекеттік мекемелердің қаржылық мәліметі сыртқа шықпауға тиіс.
"Әрине, бюджеттің жалпы мәліметі ашық жарияланады, алайда егжей-тегжейлі ақпараттарды көпшілікке көрсетуге болмайды. Ертең жағдай қиындаған кезде сыртқы ойыншылар біздің ішкі ақпаратты көре алмайтындай дәрежеде болуы керек. Өкінішке қарай, дәл қазір орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мен олардың еншілес құрылымдары заңды тікелей бұзып, шетелдік бағдарламалық өнімдерді, әсіресе, ресейлік 1С секілді жүйелерді жаппай қолданып отыр. Ал негізі заңда мұндайға тыйым салынған және олар міндетті түрде отандық бағдарламалық өнімдерді қолдануға тиіс", – дейді Құдайбергенов.
Экономист отандық бағдарламаларды қолдану міндетін Президент пен премьер-министрдің тікелей бекіткенін атап өтті. Арнайы реестр жасалған, мемлекеттік органдар сол тізімдегі сенімді бағдарламалық өнімдерді ғана сатып алуға тиіс еді.
"Өкініштісі сол, Қазақстанда билік вертикалі әлсіз. Жоғары биліктің бұйрықтары төмендегі мекемелерге жетпей қалады немесе олар мұны ашық түрде елемейді. Кейбір компаниялар қажетсіз өнімдерді алдап реестрге кіргізеді де, іс жүзінде басқа, реестрде жоқ софттарды сатып, заңды бұзады. Жеке сектор қалағанын қолдансын, ал мемлекеттік сектор міндетті түрде отандық бағдарламалық өнімдерді қолдануға тиіс", – дейді экономист.
Құдайбергеновтың айтуынша, Антикор, Бас прокуратура мен Қаржы министрлігі бюджеттік мекемелерді толықтай тексерсе, өңірлерде бюджеттің қаржысына қандай бағдарламалық өнімдер сатып алынғанын анықтайтын болса, заң бұзудың өте көп деректері шығады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан азаматтарының жеке деректері жаппай таралуына ресейлік компаниялардың қатысы бар екені де айтылған еді.