Олжас Бектенов Риддер ЖЭО-сын реконструкциялау және көпсалалы аурухана құрылысының барысымен танысты

Қаракөз Амантай 19 июл. 2024 16:08 2809

Премьер-Министр Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барды. Басты мақсат – Мемлекет басшысының энергетикалық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, металлургия және фармацевтика өнеркәсібін дамыту, сондай-ақ көлік-логистика және туризм саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуын қадағалау, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Олжас Бектенов Риддер ЖЭО-ға барған кезде жылу көзін реконструкциялау қарқынымен танысты. Қазандық цехын тексеру кезінде Премьер-Министрге №4 және 5 қазандықтардағы апаттан кейін орта қысымды қазандық агрегаттарының ТП БАЖ жаңғыртылуы және стансаны қалпына келтіру туралы баяндалды. 1956 жылы пайдалануға берілген ЖЭО бүгінде 50 мыңға жуық тұрғынды жылумен қамтамасыз етіп отыр. Жабдықтың ағымдағы тозуы 57,7%-ды құрайды. Риддер ЖЭО «қызыл аймаққа» жататын 19 жылу көзінің тізіміне енген. Мемлекет басшысы биылғы ақпанда өткен кеңейтілген отырыста Үкімет алдына осындай нысандарды шұғыл жаңғырту жұмыстарын биыл аяқтау міндетін қойған болатын.

2024 жылы энергетика инфрақұрылымын реконструкциялауға 8,5 млрд теңге: атап айтқанда, Үкімет қаулысымен резервтен шамамен 7,4 млрд теңге, облыстық бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінді. Қазандық агрегаттарын жөндеуге 5,5 млрд теңге, тарату құрылғысын (АТҚ) реконструкциялауға 280 млн-нан астам, 19 км жылу желілерін жаңғыртуға тағы 2,7 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді.

Риддер ЖЭО-да жылыту маусымының басына қарай 2 қазандық агрегатын іске қосу жоспарлануда, қалғандары температура кестесіне сәйкес суық түсуіне қарай пайдалануға берілетін болады. Жұмыс аяқталғаннан кейін жылу көзінің тозуы 40%-ға дейін төмендейді.

Үкімет басшысына жылу желілерін жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ биылғы тамыз айының соңына дейін аяқталатыны туралы баяндалды. Жалпы ұзындығы 19 шақырым болатын 55 учаскеге 127 адам мен 20 техника жұмылдырылған. Бүгінгі таңда өңірдің энергетикалық инфрақұрылымының тозуы 78,5%-ға жетеді. Осы көрсеткіш бойынша Риддер де «қызыл аймақта» орналасқан. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін тозу деңгейі 24,1%-ға төмендейді деп күтілуде.

Премьер-Министр жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін энергетика инфрақұрылымын жаңғыртуды жеделдетіп аяқтау қажеттігін атап өтті. Бүгінгі таңда инженерлік желілер 58,4%-ға, 32 орталықтандырылған қазандық 51%-ға, гидроэлектростансалар 69%-ға және ЖЭО 52%-ға дайын.

"Бұл – халықтың тұрмыс-тіршілігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі. Сондықтан бұл жерде қатаң мемлекеттік бақылау – талап пен қадағалау қажет. Мемлекет осында және жалпы алғанда еліміздегі инфрақұрылымды жаңғыртуға өз тарапынан қомақты қаражат салуда. Жұмыс қарқынын арттыра түсу керек. Суық түскенде үйлердің жылусыз қалуына немесе оның жеткіліксіз берілуіне жол бермеу керек. Сапаны сақтай отырып, бекітілген кестеден қалып қоймай, алдын ала шаралар қабылдау маңызды. Алдағы жылыту маусымы жүргізілген жаңғырту жұмыстарының сапасы мен тиімділігінің көрсеткіші болады", — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-Министр Энергетика министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, аталған мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.


Рекомендовать
Последние новости