“Өлім-жітімді 30%-ға азайту көзделеді”. Қазақстан жол қауіпсіздігін арттырудың жаңа стратегиясын әзірлеп жатыр

Қаракөз Амантай 16 апр. 2025 09:40 235

Қазақстанда Ұлттық жол қауіпсіздігі стратегиясы әзірленіп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Қазақстанда ел тарихында алғаш рет Жол қауіпсіздігі стратегиясын әзірлеу жұмыстары басталды. Мақсат – алдағы бес жыл ішінде жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітімді кемінде 30 пайызға азайту”, – делінген “ҚазжолҒЗИ” АҚ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Жоба Қазақстан Республикасы Көлік министрлігіне қарасты автомобиль жолдары комитетінің тапсырмасы бойынша “Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты” акционерлік қоғамы тарапынан әзірленуде. Құжат елдегі жол-көлік оқиғаларының артуына қарсы күрестегі негізгі құралға айналады деп күтілуде.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика комитетінің ресми деректеріне сүйенсек, 2024 жылы елде 31 мыңнан астам жол апаты тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен екі есе көп. Ведомство мәліметінше, жол апаттарының салдарынан 43 мыңнан астам адам зардап шеккен, 2 421 адам қаза тапқан.

Жобаға сәйкес, Жол қауіпсіздігі стратегиясы әрбір мемлекеттік органға арналған жеке іс-қимыл жоспарын қамтиды. Онда халықаралық тәжірибелер ескеріледі. Сондай-ақ, құжатта Қазақстан заңнамасына өзгерістер енгізу; автожолдардың бүкіл өмірлік циклында – жобалаудан бастап пайдалануға берілгенге дейін – қозғалыс қауіпсіздігін міндетті аудиттен және инспекциядан өткізу қарастырылған.


Рекомендовать
Последние новости