«Нұротандық» депутаттар Созақтың киелі жерлерін аралады

Dalanews 02 нояб. 2018 17:24 899

«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген мақсаттарды жүзеге асыру бағытында және «Нұр Отан» партиясы негізгі іс-шараларының республикалық желілік кестесіне сәйкес, Созақ аудандық партия филиалының ұйымдастыруымен Бабата және Құмкент ауылында «Ысқақ Баб және Баба Түкті Шашты Әзіз» кесенелерінде қасиетті орындардың қазіргі жай-күйімен танысуға, сақталуы мен қорғалуы, насихатталуына арналған семинар болып өтті.

Семинарға Созақ аудандық мәслихатындағы «Нұр Отан» партиясы фракциясы мүшелері, аудандық партия филиалы қызметкерлері, Бабата, Құмкент ауылдарының ақсақалдары, тұрғындары, жастары, БАҚ өкілдері қатысты.

Фракция мүшелері Қазақ даласына Қасиетті Ислам дінінің таралуы мен насихатталуының басында болған Ысқақ Баб, сондай-ақ, Жәкел датқа, Баба Түкті Шашты Әзіз әулиелердің басында арнайы зиярат етіп, құран бағыштады.

«Нұр Отан» партиясы Созақ аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Р.Әлжанов:

– Елбасы, Партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында сананы жаңғырту, ұлттық кодымызды сақтай отырып, ұлттық болмысымызды әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне пайдалану жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріліп отыр. «Нұр Отан» партиясы осы мақсатта еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтау, қорғау, насихаттау, өскелең ұрпақ санасына сіңірту бағытында көптеген бастамаларды қолға алып, жүзеге асыруда. Бүгінгі семинар сол игі шаралардың бірі болып табылады, – деп атап өтті.

Өз кезегінде сөз алған фракция мүшелері Ілияс Омарбеков, Байкен Әметжанов «Шын мәнісінде, Отанды сүю, ұлтыңды сүю – туған жердің табиғатын, барлық болмыс-бітімін, салт-дәстүрін, сенімі мен рухани дүниесін сүюден басталатынын ескерсек, тарихи-мәдени мұраға бай өлкеміздегі әрбір қасиет дарыған орындарға деген көзқарас та жоғары деңгейде болуы керек», – деп атап көрсетсе, депутаттар Гүлжан Момбекова, Ғабит Жүсіп «Бабаларымыздың бай рухани дүниесінің көзіндей болып сақталған қасиетті әулиелер мен әмбиелердің мағыналы ғұмыры мен ізгілікті істерін жастарымыз өз бойында сіңіріп өсуі қажет» деп ой қорытты.

Мұнан соң сөз алған Гүлсара Әлімбекова:

– Қазақта қолда бардың алтынның қадірі жоқ» дейді, біз осы жауһарларымызды жанымызда болсада жиі зиярат етуге, оның күтіп-бапталуына аса мән бере бермейтініміз жасырын емес, бұл бағытта тыңғылықты жұмыстар қолға алынып, ұдайы бақылауда болуы тиіс» деген пікірін білдірді. Райымбек Жақсыбергенов, Айбар Күзембаев «Біз тарихи-мәдени ескерткіштеріміз арқылы елімізді әлемге танытуға күш салуымыз керек, әулиелі орындар – қасиет дарыған қазақ даласының дайын брендтері. Туризм қарқын алса, өңіріміздің экономикасына да тигізер пайдасы үлкен болмақ, – деген ойларын ортаға салды.

 

Dalanews.kz

Рекомендовать
Последние новости