Нұрлан Ноғаев: «Маңғыстаулықтар су тұтыну мәдениетін қалыптастыру қажет»

Dalanews 28 мар. 2022 14:10 824

Жексенбі күні «Каспий» су тұщыту зауытының ғимаратында аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен көшпелі жиын өтті. Онда халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Төрт сағатқа созылған жинда Ақтау қаласының және Қарақия, Түпқараған, Мұнайлы аудандарының әкімдері, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев, «Каспий» су тұщыту зауытының директоры Нұрлыбай Аққұлов ауыз сумен жабдықтау саласында атқарылған жұмыстар және туындаған мәселелер бойынша баяндама жасады. Сондай-ақ, ауыз су өндірісінің көлемін арттыру, өнім сапасы, халықтың суды ұтымды пайдалануы мәселелер талқыланды.

– Өңірдегі ең басты мәселе – су тапшылығының артуы. Бүгінгі және болашақ ұрпағымыздың азық-түлік қауіпсіздігі осы тіршілік нәріне байланысты. Біз бұл мәселені неғұрлым тезірек шешсек су ресурстарымыз соғұрлым көбейеді. Баршамызға аян маңғыстаулықтарға ауыз су үлкен қиындықпен беріледі. Біз оны бағалай білуіміз керек. Жасыратыны жоқ, көбіміз ауыз суды көлік жууға, аула суаруға  пайдаланамыз. Бұл үлкен қателік. Бізге ауыз суды тұтыну мәдениетін қалыптастыру қажет. Біз суды ақылмен жұмсап, сол арқылы болашақ ұрпаққа қамқорлық жасауымыз керек, – деді Нұрлан Ноғаев.

Жиын барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы,  «Тұрмыс сервис», «Маңғыстау жылу» МКК бөлімдерінің мамандарына сөз берілді. Бұдан бөлек, «Каспий» су тұщыту зауытына берешегі бар  коммуналдық кәсіпорындарының мәселесі де көтерілді.

– «Каспий» су тұщыту зауыты «Тұрмыс сервис» МКК-на 1 текше метр суды 196,9 теңгеден өткізеді. Алайда «Тұрмыс сервис» мекемесі бекітілген тарифіне сәйкес Қарақия ауданының тұрғындарына 1 текше метр су 167 теңгеден сатылады. Бұл, сөзсіз коммуналдық кәсіпорынның «Каспий» су зауытына берешегін ұлғайтады. Қазіргі уақытта «Тұрмыс сервис» МКК қарызы 173 млн теңгеге жетті. Айта кету керек, ауылдық жерлерде 1 текше метр ауыз су тек 30 теңгеден сатып алынады. Ал қалған соманы мемлекет субсидиялайды. Бұл ретте ауылдық елді мекендердің тұрғындары мемлекет көрсететін көмекті дұрыс түсінуі тиіс. Суды ретсіз жұмсауға болмайды, – деді Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков.


Нұрлан Ноғаев тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.

– Мемлекет масшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айында Маңғыстау облысына сапары кезінде «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» кешенін жаңғырту жөніндегі жедел іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын арттыруды тапсырды. Бұл жобаларды біз 2022 жылдың соңына дейін аяқтап үлгеруіміз керек. Сумен қамтамасыз ету ісіне қатысы бар азаматтарды осы міндетке назар аударуға және үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырамын, – деп толықтырды Нұрлан Ноғаев.



Сонымен қатар, облыс әкімі «Каспий» су тұщыту зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорын директоры Нұрлыбай Аққұлов өңір басшысына теңіз суын тұщыту үшін қандай көп сатылы жүйеден өтетіні туралы баяндады.

2020 жылы Үкіметтің хаттамалық тапсырмасын орындау аясында тәулігіне 20 000-нан 40 000 м3 ауыз су өндірісін ұлғайту бойынша Ақтау қаласындағы «Каспий» су  тұщыту зауытын кеңейту» жобасы бойынша жобалау-сметалық құжаттаманың мемлекеттік сараптамасының қорытындысы алынды.

Жобаның жалпы құны 12,6 млрд теңгені құрайды. Оның 7,55 млрд теңгесі су тұщыту қондырғыларын сатып алуға, қалған 4,49 млрд теңгесі құрылыс – монтаж жұмыстарына бағытталған. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары 50%-ға аяқталды. Жоба осы жылдың соңында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Өңірдегі ауыз су тапшылығы мәселесін шешу мақсатында Маңғыстау облысының кешенді даму жоспарына 9 ірі жоба енгізілген.


1) «Қазмұнайгаз» АҚ «Қаражанбас» кен орнында тәулігіне 17,0 мың текше метр су тұщыту зауытының құрылысына инвестор есебінен 18 млрд теңге, ал «ҚаражанбасМұнай» АҚ есебінен инженерлік желілер үшін 3 млрд теңге жұмсалады.

Құрылыстың 74%-ы аяқталды, құрылыс-монтаждау жұмыстары шамамен 2022 жылдың тамызында аяқталады. Нәтижесінде облыс тұрғындарына «Астрахан-Маңғышлақ» су құбырынан тәулігіне 17,0 мың м3 ауыз су жеткізіледі.

2) «Тәулігіне 40000 м3 ауыз су өндіруді ұлғайту бойынша Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұщыту зауытын кеңейту» жобасының жалпы құны 12,6 млрд. теңге. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2019-2022 жылдары республикалық бюджеттен 12,1 млрд. теңге бөлінді. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жобаны 2022 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

3) «Ақтау қаласында қуаты тәулігіне 20 000 м3 су тұщыту зауытын салу» жобасын жасақтау жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік сараптамаға құжат 2022 жылдың 10 сәуіріне дейін жолданады. Жобаны іске асыру кезеңі – 2022-2023 жылдар. Жобаның құны шамамен 4,0 млрд. теңгені құрайды.

4) «Кендірлі ауылында қуаты тәулігіне 50,0 мың текше метр су тұщыту зауытын салу» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесіне мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Жобаның жалпы құны 87,8 млрд. теңге. Жобаны іске асыру кезеңі – 2022-2024 жылдар. Қазір жобаны «ҚазМұнайГаз» АҚ жүзеге асырып жатыр.



5) «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС аумағындағы қосымша қуаты тәулігіне 24,0 мың текше метрлік су тұщыту қондырғыларының құрылысын салу үшін 2021 жылы жергілікті бюджеттен жобаның ЖСҚ әзірлеуге 10,0 млн. теңге бөлінді. Жобаның шарттық құны 32 239,132 мың теңге.

Қазіргі жоба толығымен жасақталып мемлекеттік сараптамаға тапсырылды. Жобаны іске асыру кезеңі – 2022-2024 жылдар. Жобаның құны шамамен 18,9 млрд. теңгені құрайды.

6) Жалпы өнімділікті тәулігіне 100 мың м3 дейін жеткізе отырып, өнімділігі тәулігіне 60 мың м3 құрайтын «Каспий» су тұщыту зауытын салу (III кезек)» жобасының ТЭН-ін әзірлеуге

2021 жылы жергілікті бюджеттен 11,0 млн. теңге бөлінді. Жобалаушы – «Қаз Нұр жобалау-құрылыс институты» ЖШС болып анықталып, ТЭН-і 2022 жылдың сәуір айының соңында мемлекеттік сараптамаға жүктелу жоспарланған. Жобаны іске асыру кезеңі 2022 – 2025 жылдар.

Жобаның құны шамамен 25 млрд. теңгені құрайды.

7) «Форт-Шевченко қаласындағы қуаты тәулігіне 5,0 мың текше метрлік су тұщыту қондырғысының құрылысын салу» жобасының

жобалық-сметалық құжаттамасын Түпқараған ауданының әкімдігі әзірлеп,  мемлекеттік сараптама жіберген.

Жобаны іске асыру кезеңі – 2022-2023 жыл. Жобаның құны шамамен 7,0 млрд. теңгені құрайды.

8) «Түпқараған ауданы Ақшұқыр және С.Шапагатов елдімекендерінде  қуаты тәулігіне 10,0 мың текше метрлік су тұщыту қондырғысының құрылысын салу» жобасының жобалық-сметалық құжаттамасын мемлекеттік сараптама қарауына 2022 жылдың мамыр айында жолдау жоспарланған. Жобаны іске асыру кезеңі – 2023-2024 жылдар.

Жобаның құны шамамен 10,0 млрд. теңге.

9) «Бейнеу ауданының Боранқұл ауылында қуаты тәулігіне 80,0 мың текше метр су тұщыту зауытын және су тартқышын салу» жобасы бойынша: Бейнеу ауданының Боранқұл ауылында тәулігіне 104,0 мың текше метр қоры бар Төңірекшің кенорнының жер асты сулары бар. Кен орнынан суды тұщыландыру бойынша зауыт салу жобасы ұсынылды. Жобаның ЖСҚ әзірлеу жоспарлануда. Жобаны іске асыру кезеңі – 2024-2025 жылдар. Жобаның құны шамамен 90,0 млрд. теңге.

Аталған жобаларды іске асыру арқылы өңірдегі ауыз су тапшылығын толықтай жою мүмкіндігі туады.

Рекомендовать
Последние новости