Нұрлан Байбазаров мемлекеттік қарызға қатысты сыни пікірлерге жауап берді

Кәмшат Тілеухан 22 нояб. 2024 15:35 1158

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Сенат Парламентінің дәлізінде мемлекеттік қарыз көлемі туралы журналистер сұрағына жауап берді. Вице-премьер өз сөзінде Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк және халықаралық рейтинг агенттіктері жыл сайын Қазақстанның экономика даму деңгейі мен қаржылық тұрақтылық деңгейін бағалайтынын айтып, солардан фактілер келтірді, деп жазады Dalanews.kz.

"Халықаралық кредиттік рейтингтерде болған соңғы өзгерістер еліміздің фискалдық, қаржылық тұрақтылығын айғақтайды. Бізде Ұлттық қор түріндегі қомақты валюталық резервтер және алтын-валюта резервтері бар. Олардың көлемі қазірдің өзінде 100 млрд доллардан асты және бұл инвестицияны белсенді тартуға мүмкіндік беретін қаржылық қауіпсіздік жастығы болып табылады.Біз Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасын қабылдадық. Онда мемлекеттік қарыз, тұтастай алғанда, елдің жалпы ішкі өнімінің 32%-нан аспауы керектігі жөнінде шектеулер жазылғанҚазір бұл көрсеткіш шамамен 23%-ды құрап отыр, яғни бұл мемлекеттік қарыздың көлемі бойынша жеткілікті қауіпсіз әрі қолайлы деңгейде екенімізді білдіреді", - деді Нұрлан Байбазаров.

Сондай-ақ Ұлттық экономика министрі бұл қарызды инвестиция ретінде қарастыру керектігін, осы инвестицияларды тарту арқылы жалпы экономиканы дамытуға мүмкіндік беретін активтерді жасайтындығымызды атап өтті

"Біз жол саламыз, инфрақұрылымға инвестиция саламыз, жаңа өндірісті іске қосамыз. Бұл еліміздің экономикалық өсуін қамтамасыз ету үшін, болашақта экономикалық дамудың берік негізін қалыптастырады", - дейді министр.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мемлекеттік қарыз 30 трлн 504,8 млрд теңгені құрайды. Бұл - еліміздің ЖІӨ көлемінің 22,6%-ы. Күні кеше 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын сенаторлар қабылдамай, Мәжіліске кері қайтарды. Айтылған сындар ішінде осы мемлекеттік қарыз мәселесі де қамтылады. "2025 жылы мемлекеттік қарызға қызмет көрсету құны 2,5 трлн теңгені құрайды, бұл сыни деңгейге жақын", - деді сенатор Сұлтанбек Мәкежанов.


Рекомендовать
Последние новости