Нығматуллинге тиесілі зауыт өрт шыққанын екі сағат хабарламай, құтқарушыларды кіргізбей қойған

Қаракөз Амантай 30 июл. 2024 14:39 1910

Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің сыңары – мәжіліс пен сенаттың бұрынғы депутаты Ерлан Нығматулинге тиесілі YDD Corporation ферроқорытпа зауыты екі сағат бойы төтенше жағдайлар қызметіне хабар бермей, құтқарушыларды кіргізуден бас тартқан, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықбаев мәлім етті.

"Төтенше жағдай таңғы 4:10-да орын алды, өкінішке қарай хабарлама бізге екі сағаттан кейін, яғни 6.08-де келді. Азаматтық қорғау туралы республикалық заңнамаға сәйкес, бұған жол беруге болмайды және бұл үшін заң бойынша жауапкершілікке тартылады", – деді Сыздықбаев үкімет брифингінде.

Осыған байланысты 200 АЕК (738,4 мың теңге) көлемінде айыппұл салынып,  әкімшілік іс қозғалған. Вице-министр іс қазір сотта екенін жеткізді.

Сыздықбаев зауыт өз аумағына құтқарушыларды кіргізбегенін растады.

"Мұндай нысан аумағында, яғни учаскеде өздерінің құтқару бөлімшелері бар және олар өз беттерінше өртті өшіруге тырысты. Бірақ мұнда шақырту келіп түскендіктен, біздің құтқарушылар келді, сол үшін оларды кіргізуі керек еді", – деді ол.

Еске салайық, 20 шілдеде, таңғы сағат 04:10-да YDD Corporation ферроқорытпа зауытында штаттан тыс жағдай болды. Оқыста №1 пештен жалын шығып, салдарынан  кәсіпорынның 8 қызметкері түрлі дәрежедегі жарақат алды.

Компания сенбі күні, 20 шілденің таңында зардап шеккен барлық қызметкердің ауруханада жатқанын, оларға шұғыл медициналық көмек көрсетілетінін айтты.

"Компания зардап шеккендерге барлық көмек көрсетеді және аурухананың медициналық қызметкерлерімен үнемі байланыста болады", -  деп сендірді YDD.

YDD Corporation ферроқорытпа зауыты Қарағандыда орналасқан. Жылына шамамен 240 мың тонна ферросилиций өндіреді. "YDD Corporation" ЖШС құрылтайшысы компанияның тең иесі Ерлан Нығматулин болды. 2021 жылы Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесменінің рейтингіне кірді.

Айта кетейік, бұған дейін өртке байланысты Қарағандыда Ерлан Нығматулинге тиесілі зауытты республикалық деңгейде комиссия тексеретіні айтылған еді.

Комиссия құрамына: Қарағанды облысының бас мемлекеттік еңбек инспекторы, өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің аумақтық департаментінің және жұмыс берушінің өкілдері кірді",-деп хабарлады Қарағанды облысының еңбек инспекциясы басқармасының баспасөз қызметі.


Рекомендовать
Последние новости