Арғы да бергі қазақ тарихында ұрпақ ұмытпауы тиіс даңқты ұлдар өткен. Олардың ерлігі мен өмір жолы келешек үшін дәріптелуі тиіс. Шыңғыс ханның үлкен ұлы, ержүрек қолбасшы Жошы ханның қазақ топырағында құрған мемлекеті – Жошы ұлысы қазақ мемлекеттілігінің түп бастауында тұр. Олай дейтініміз, Жошы ұлысы төрт ұлы хандықтың бірі болуымен қатар, өзінен кейін Алтын Орда деген алып империяның, кейінгі хандықтардың қалыптасуына негіз болды. Тарихшы ғалымдар «Жошының Орталық Қазақстанда жерленуі туралы аңыз кездейсоқ пайда болмағанын, әскери қолбасшы, дипломат ретінде Жошы өзін талай жорықтарда мойындатқанын» айтады. Даңқты Жошы ұлысы құрылғанына биыл 800 жыл.
Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Жошы ұлысының қазақ тарихы үшін мән-маңызы биік екеніне ерекше тоқталды. Президент Қазақстан – ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері екенін айтып, жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалғанын мәлімдеді:
«Жошы әулеті 6 ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал етті. Ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құруға ұмтылды. Жошы ұлысы Ұлы даланы мекен еткен халықтардың сан ғасырлық даму бағдарын айқындап отырды. Ұлық ұлыс мемлекетті басқару ісін жаңа деңгейге көтерді. Оның Рим империясымен ұқсастығы да – осында. Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Бүгінгі жиынымыз да осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек», – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жеті томнан тұратын жаңа академиялық тарихын жазу жұмыстары жүйелі жүріп жатқанын, еңбектің дербес бір томы Жошы ұлысына арналатынын айтты.
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында «Жошы ұлысының 800 жылдығын өткізу жөніндегі 30 іс-шарадан тұратын жалпы республикалық жоспар бекітілгенін, онда Жошы туралы толықметражды көркем фильм және «Алтын Орда» тарихи сериалын түсіру мәселесін пысықтау, қалаларда Жошы ескерткішін орнату шаралары көзделгенін» мәлімдеген еді. Бұл жұмыстардың түп бастауы ретінде Жошы ұлысының қазақ тарихындағы рөлін дәріптеу мақсатында ағылшын тіліндегі гибридті деректі-драмалық телехикая түсірілетіні белгілі болды.
Ізгі бастаманы «Dara» президенттік бастамалар қоры «Karga Seven Pictures» киностудиясымен бірлесе отырып жүзеге асырады. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханның өміріне арналған туынды алты сериядан тұрады. Бұл туралы «Dara» Президенттік бастамалар қорының баспасөз қызметі мәлімдеген еді. Туындыда Алтын Орда империясының даму кезеңдері Жошы ханның өмірінің тарихы негізінде түсіріледі.
Karga Seven Pictures – Лос-Анджелесте мамандандырылған продюсерлік компания. Құрылтайшыларының бірі – Эмре Шахин. 2008 жылы Karga Seven Pictures АҚШ-та ашылды. Бүгінгі күні Karga Seven – Лос-Анджелес пен Ыстамбұлда кеңселері бар, дарынды әрі көпұлтты команда жинаған компания. Компанияның туындылары бірнеше мәрте халықаралық сыйлықтарға, соның ішінде халықаралық телевизиялық сыйлық Emmy Award-қа ұсынылған. Сонымен қатар, Karga Seven Pictures бұған дейін де тарихи туындыларымен әлем жұртшылығына жақсы танымал, ол Netflix үшін «Империяның өрлеуі: Осман империясы» және «Келісім: Мұсаның хикаясы» секілді сериалдар түсірген, ал олар 90-нан аса елде үздік 10 сериалға айналды. Енді Netflix-ке тарихи драма түсірген киностудия Жошы хан туралы телехикаяны жарыққа шығарады. Түсірілім 2024 жылдың күзінде Қазақстан мен Түркияда басталады деп жоспарланып отыр.
«Жошы ханның өмір тарихы керемет эпикалық, ол дүние жүзіндегі көрермендерді қызықтырары сөзсіз. Осы ауқымды тарихи жобаны жүзеге асыруда «Dara» қорымен бірлесіп, жұмыс жасау біз үшін үлкен мәртебе», – деп атап өтті Karga Seven Pictures креативті директор Эмре Шахин.
Бұл деректі-драма қазақ халқының түп тарихын кең көлемде көрсететініне, оны төрткүл дүниеге дәріптеп, танытатынына сенім мол.