"Неге қарайды, қарамасын!". Ұлттық банк басшысы доллар бағамына жалтақтамауға кеңес берді

Dalanews 17 янв. 2025 16:07 299

"Қазақстандықтар долларға деген психологиялық тәуелділіктен арылуға тиіс". Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов өзін қаумалап, сұрақтың астына алған журналистер қауымына осылай деп жауап берді, деп жазады Dalanews.kz.

"Мен таңертең тұра салып, доллар бағамына қарамаймын. Биржадағы сауда-саттық алдында сағат 10.00 шамасында көз саламын. Өйткені осы кезде менің телефоныма қысқаша мәлімет келеді. Жұмысым, кәсібім болған соң доллардың бағамына қарауым керек. Ал былай, доллар деп басымды ауыртпаймын. Бізде жалақы теңгемен төленеді, депозиттер теңгемен сақталады, бағалар теңгеде белгіленеді. Сөйтіп долларға қарау... кімге қызық, сол көрсін. Бұл психологиялық тәуелділіктен, менің ойымша, бірте-бірте арылу керек", - деді Сүлейменов журналистерге Ұлттық Банктің дәлізінде берген пікірінде. 

Оның айтуынша, қоғам назары долларда болғанымен, евроны көбіне елей бермейді.

Ұлттық Банк төрағасы бұл ретте халықаралық төлем айналымын қамтамасыз ететіндіктен доллар жайы, сөзсіз маңызды екенін атап өтті.

"Бірақ қазақстандыққа доллардың орташа бағамы тікелей соншалықты қатты әсер етпейтін болар. Оның импортталатын тауарлар арқылы әсер етуі мүмкін, ол жағы түсінікті. Сондықтан біз үнемі: импортқа тәуелділікті неғұрлым тез төмендетсек, ұлттық тауар өндірушілерге неғұрлым басымдық берсек, соғұрлым импорт қанша болады деп қатты алаңдамаймыз. Сондықтан менің ерте тұра салып, доллар бағамын қарайтын әдетім жоқ: Мен долларды мүлдем сатып алмаймын. Тек шетелге барып жатсам, сол кезде енді керек болуы мүмкін. Ал жалпы бізде барлығы теңгемен ғой", - деп атап өтті Сүлейменов. 

Сондай-ақ Ұлттық Банк басшысы ұлттық валюта мемлекет егемендігінің нышандарының бірі болып табылатынын еске салды.


Рекомендовать
Последние новости