"Не берсе, сонымен жүремін". Министр отандық көлік мінуге сөз берді

Сағыныш Сардарова 29 окт. 2024 15:48 1996

Индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев қызметтік көлігін Қазақстанда құрастырылған автокөлікке ауыстыруға уәде етті, - деп хабарлайды Dalanews.kz Stan.kz-ке сілтеп. 

Журналист министрден "Неге Қазақстанда жасалған көлікпен жүріп, отандық өнімді қазақстандықтар арасында жарнамаламайсыз?" деп сұрады.

“Шынында, сөзіңіздің жаны бар. Қазақстанда жасалған автокөлікке ауысу керек. Мен көлігімді ауыстырып берулерін сұраймын. Бұған дейін Қазақстанда құрастырылған Elantra көлігімен жүрдім, бірақ қызметімді ауыстырғаннан кейін оны өзгерткен жоқпын. Енді мен отандық көлікке ауысамын. Меніңше, бұл сұраққа “не берсе, сонымен жүремін” деп жауап бергенім дұрыс”, – деді Қанат Шарлапаев.

Айта кетейік, Қазақстанда 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 82 мыңнан астам жеңіл автокөлік шығарылды. Елімізде шағын торапты құрастыру техникасының өндірісін ұлғайтуға баса назар аударылып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баяндады.

Секторда бірлескен кәсіпорындар құрылады, ел аумағында жаңа зауыттар салуға өз қаражатын салуға дайын инвесторлар келуде.

Мәселен, CHANGAN, HAVAL, CHERY автомобильдерін шығаратын зауыттың құрылысы аяқталуға жақын, оның өндірісі толығымен шағын торапты құрастыруға негізделген. Қуаты – 90 мың бірлік. KIA автомобиль өндіретін зауыттың құрылысы жүргізілуде.

Инвестиция сомасы $200 млн. $150 млн сомасына Geely, Exceed, KAIYI жеңіл автомобильдерін өндіру бойынша жоба іске қосылды.


Рекомендовать
Последние новости