60 млн теңгені қалтасына басқандар шартты түрде сотталды

Көркем Алдабергенова 29 окт. 2024 09:07 1766

Ақтөбе облысында Қаржылық мониторинг агенттігі "World Business Consulting" қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және оның құрылымдық бөлімшесін басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Олар өздерін Қазақстанда ресми тіркелген халықаралық инвестициялық компания өкілдері ретінде тансытырып, Ақтөбеде презентациялар өткізген.

Жиындарда күдіктілер қаржылық инвестициялар, тиімді пайызбен несие рәсімдеу, әлемнің кез-келген жерінен пәтер және жаңа көлік сатып алу жайлы ақпараттармен азаматтарды қызықтырған. Осы арқылы олар жаңа салымшыларды тартып, оларға ай сайын ақша салып одан сыйақы алатынына сендірген.

Күдіктілердің заңсыз әрекетінен 60 млн теңгеге жуық шығын келтірілген.

Сот үкімімен екі азамат кінәлі деп танылып, бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

Жәбірленушілерге келтірілген залал толық көлемде өтелді.

Жыл басынан бері ҚМА қаржы пирамидаларын құру және басқару фактілері бойынша 62 қылмыстық іс аяқталды, олардың ұйымдастырушылары 20 млрд теңгеге жуық шығын келтірді. Бүгінгі таңда 13 млрд теңгеден астам қаражат өтелді.

Қаржы пирамидаларының қызметін ұйымдастырғаны және жарнамалағаны үшін, 53 адамға қатысты 35 сот үкімі шықты. Олар 2 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге сотталды.

Қаржы пирамидаларының белгілері бар 10,7 мың сайт пен сілтеме бұғаттауға жолданды.

"WhatsApp", "Telegram" және "Instagram" - да 300-ге жуық чат бұғатталды. Осылайша, 2 млн астам әлеуетті салымшылардың қаржылық шығындарының алдын алды.
 
"Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл" арнайы жобасы жүзеге асырыла бастағаннан бері "Qnet", "World Business Consulting", "Finiko" "Antares"/"Antares Trade", "Sincere Systems Group"/"S-Group", "Hermes LTD", "Life is good", "Chia Tai Tianding"/"Chia Tai Pharmaceutical" "Energy Eolus Oazqstan"/"Eolus" сияқты елде жұмыс істейтін қаржы пирамидаларының құрылымдық бөлімшелерінің ұйымдастырушылары жауапкершілікке тартылды.


Рекомендовать
Последние новости