Назарбаевтың қызы Алматыдағы бір көшені жекеменшікке айналдырып, ғимарат салып алған

Көркем Алдабергенова 17 июл. 2025 10:50

Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева Алматыдағы көшенің бірін жер телімі ретінде жекеменшікке рәсімдеп алған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мәлімдеді. 

"Әріптесім, Мәжіліс депутаты Сергей Михайлович Пономарёв және танымал журналист Полина Шиманскаямен бірге Алма-Арасан шатқалының етегіндегі заңсыз құрылыс нысандарын аралауға шешім қабылдап, қысқа жол Әлмерек көшесімен жүруді ұйғардық. Көшенің бойымен жүргенде алдымыздан биік әрі қымбат қоршаулар мен күзет қызметі шықты. Жергілікті жерде АЖК АЖ (АИС ГЗК), МЖК (ЕГКН) деректерін қарап, Алматы қаласының Жер қатынастары басқармасынан (ДУЗР) мәліметтерді сұрата отырып, Альмерек көшесі енді жоқ екенін, бұл көшенің орны жер телімі ретінде жекеменшікке рәсімделіп кеткенін анықтадық. Ал жер телімінің иесі Күлибаева Динара Нұрсұлтанқызы. Тексерулерді бастаймыз…", - дейді депутат. 
 
 
Тексеріс барысында депутаттар жекеменшікке айналған жердің қызметкерімен сөйлесті. Ол бұл жерде бұрын көше болғанын білмегенін айтады. 
"Жұмыс істеп жүргеніме үш айдай болды. Басшылықты көрген емеспін", - дейді қызметкер. 
Ғимараттың күзетшісі де видеоға түсірмеуді сұрап, жекеменшік үй тұрған жерде бұрын Әлмерек көшесі болғанын білмейтінін айтады. 
 
Жекеменшікке айналып кеткен көшенің аймағы 12003 шаршы метр. 
"Халық Навои көшесіне жетуі үшін жолды 20 минут айналып өтуі керек. Мыңдаған адам зардап шегіп отыр. Ал мұның бәрі бір әулеттің мүддесі үшін. Ал күзетшілер үй иелерін үш жыл көрмедік дейді", - дейді депутат Сергей Пономарев.
Бақытжан Базарбек жол, даңғыл, көшелер ортақ қолдану аймағына жататынын атап өтті. 
"Яғни ортақ қолданатын аймақтар жекеменшікке өтпеуі керек. Заңды және жеке тұлғалар да олай істей алмайды. Бұл Жер кодексінің 26-бабында көрсетілген. Өкінішке қарай, біз қазір өрескел жағдайға тап болып отырмыз. Яғни, шын мәнінде жалпы пайдалану аймағы саналатын Әлмерек көшесі жеке меншікке өтіп кеткен. Айдаладағы біреу емес, экс-президенттің қызына өткен", - дейді Базарбек. 
Депутаттың сөзінше, бұл көшемен жергілікті халық 2008-2009 жылға дейін жүріп өтетін. 
"Яғни қазір көшені толығымен бұғаттап, жауып тастап, оған жер қосып, екі ортадан жаңа кадастрлық нөмірмен жерді алған. Заңды белшесінен батып отыр. Осындай тиісті қаулыны шығарған әкімдерді тиісті жауапкершілікке тартып, көшенің жолын мемлекетке қайтаруымыз керек", - дейді депутат. 
Еске салайық, бұған дейін депутат Бақытжан Базарбек Алматының бөктерінде салынған заңсыз құрылысты әшкерелеген болатын. 

Рекомендовать
Последние новости