Алматы қаласында рұқсат етілмеген қоқыс орындарының анықталуына байланысты бірқатар аудан әкімдіктерінің лауазымды тұлғалары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі мәләмдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бас прокуратураның мәліметінше, экологиялық заңнаманың сақталуына жүргізілген мониторинг барысында қала аумағында 30-дан астам заңсыз қоқыс орны анықталған.
«Қалдықтарды басқару бойынша экологиялық талаптардың бұзылуына байланысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 344-бабының 3 және 5-бөліктеріне сәйкес Медеу және Түрксіб аудандары әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ Алатау ауданы әкімінің аппарат басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген Бас прокуратура таратқан ресми хабарламада.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес, аудан әкімдеріне абаттандыру жұмыстарын ұйымдастыру міндеті жүктелген.
Анықталған заңсыз қоқыс орындарын жою бойынша тиісті жұмыстар жүргізілгені айтылды.
Алматы қаласындағы экологиялық тәртіптің сақталуына бақылау жұмыстары жалғасуда.