Назарбаевқа ұсыныс: 25 жылдыққа - 25 мың теңге

Dalanews 10 окт. 2016 06:02 904



Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өтетін той-думанға миллиондап қаржы шашпай, халыққа пайдалы іс істейік! Шымкенттік заңгер әрі блогер Айгүл Орынбек Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа осындай ұсынысын айтты.





Оның сөзінше, той-думанға жұмсалатын қаражатқа жағдайы төмен отбасыларды жыл бойы асырауға болады. Сондықтан, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында ақшаны желге шашпай, Қазақстандағы әрбір азаматқа 25 мың теңгеден бір реттік жәрдемақы (немесе сыйақы) берген абзал деп жазды блогер өзінің Facebook-парақшасында.
«Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай үлкен қалаларда көптеген жиындар, кештер, тойлар өтіп жатыр. Миллиондаған қаражатқа алынған отшашулар қаншама отбасының бір жылдық тамағы. Кеше біраз ауылдарды аралап, біраз отбасының тәуелсіздігімізді тойлау түгілі, бала шағасына нан тауып бере алмай отырған жағдайларын көрдім.

Менің сізге ұсынысым бар: 17-ақ миллион халқыңыз бар. Əрбір ҚР азаматының есеп шотына тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай 25 мың теңгеден аударсаңыз дұрыс болар еді. Ауыл халқы өз отбасымен тәттісін алып тойлап, еліміздің тәуелсіздігін сезінер еді. Бір жағынан, жылдар бойы шығара алмай жүрген халық саны жайлы статистиканы дұрыстап алар едік. Менің ұсынысымды қабыл аласыз деген үміттемін. Еліміздің тəуелсіздігі берік болсын», - дейді А.Орынбек.

Айта кетейік, биыл ел Тәуелсіздігін атап өту үшін республикалық бюджеттен 407 миллион теңге бөлінді. Бұл туралы 6 қазан күні ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, мерекеге орай өтетін іс-шаралар 1 желтоқсаннан басталып, 15 желтоқсанға дейін жалғасады. Республика бойынша барлығы 8 мыңдай іс-шара өтеді деп жоспарлануда.

ДЕРЕККӨЗ: sn.kz


Рекомендовать
Последние новости