Назарбаев? Оны мақтамайтынымды айттым. Ұят емес пе? – Зейнеп Ахметова

Dalanews 25 июл. 2021 04:59 1258

Біраз жыл бұрын мен Нұрекеңмен кездесуге шақырылдым. Кездесуде протокол бойынша, президентпен бокал соғыстырып, шампан ішілуі керек.

Ал, мен мүлде рюмке ұстамайтын адаммын. Ешқашан ішімдіктің дәмін татып көрмегем. Президент бәрімен соғыстырып келіп, маған келгенде: «Ой, сіздің бокалыңыз...», – деді. Мен: «Нұреке, мен бокал ұстамаушы едім», – дедім. «Ұстамай-ақ қойыңыз, ұстамағыныңыз жақсы», – деді Елбасы.

Үйге келгеннен кейін, бір топ әңгіме тыңдаймыз деп келгендердің ішінде Шәмшә Беркімбаева «Нең кетер еді, ең болмаса өтіріктен болсын соғыстыра салмадың ба. Ондай мүмкіндік бола бере ме?» - деп ұрсып жатыр маған. Сосын, мен: «Әй, Шәмен, біріншіден Құдай көріп тұр. Екіншіден, шампан ішкендердің ешқайсысы есінде қалмайды, ішпеген мен қалам есінде» – деп әзілдедім.

Сол кездесудің алдында жаттап алыңыздар деп бәрімізге бір әннің мәтінін берді. Онысы «Весна на заречной улице» деген орыстың ескі киносындағы ән. Оны президент жақсы көреді екен. Президент жақсы көретін қазақтың небір әйбәт әндері бар ғой. Сосын қағазын қайтарып беріп: «Мен орыстың әнін айтпақ түгілі, сөзін сөйлей алмаймын», – деп ән мәтіні жазылған қағазды қайтарып бердім.

Сонда Президент аппаратындағылардың ең жынымды ұстатқаны – маған президентке сәлем салғызбақ болғандары. «Келген әйелдердің бәрі сәлем жасай ма?» – десем: «Жоқ, сіз ғана», – дейді. Сонда 16 келіншектің арасында жалғыз зейнеткер маған сәлем салғызбақ. Мен бас тарттым. Себебін түсіндірмедім де. Ол жерде журналистер, фотографтар қаптап жүр.

Мен президентке сәлем салсам, жан-жағымнан түсіреді. Содан кейін, интернеті бар, газеті бар, бәріне береді. Сосын: «Басы ешкімге иілмеген Баукеңнің келіні президенттің кішкентай сыйлығы үшін, тағзым етіп жатыр», – деп тұрып жазады.


Ана Әбішті қалай жазды. Соның бәрі ол кісіге қалай ауыр тигеніне ешкім мән бермеді. Ал Әбіштің отбасында қолдан сүю – дағдылы нәрсе. Мына жерде мені де сөйтер еді. Мені қойшы, атамның аты қосылып айтылар еді...

«Президентті мақтаңыз», – дейді. Мақтамайтынымды айттым. «Менсіз де Пайғамбар мен Құдайға теңеп мақтап қойғандар жеткілікті. Ұят емес пе? 5 жастағы бала құсатып арқасынан қаққандай. Менің мақтауыма мұқтаж боп тұр ма ол кісі?» – дедім. Президент мені мақтасын деп тапсырма бермеген шығар...

Сөйтіп, Нұрекеңмен кездесуде не өлең айтпадым, не мақтамадым, не сәлем жасамадым. Кейін Президент аппаратындағылар мен сияқты қырсықтан құтылғанына қуанған шығар...

Зейнеп Ахметова, 


Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының келіні,


жазушы, этнограф 


Дереккөз: Abai.kz


Рекомендовать
Последние новости