"Назарбаев не деп еді?". ҚазҰУ-дағы плагиатқа қатысты белгілі ғалым пікір білдірді

Dalanews 07 мар. 2017 11:23 906

Бұдан бұрын Abai.kz сайтында "ҚазҰУ-дағы плагиатқа тоқтау бола ма?" деген тақырыпта мақала жарияланған. Мақала авторы Назарбаевтың плагиат туралы пікірлерін мысалға келтіре отырып, осы оқу орнындағы "ғылыми ұрлықты" әшкерелеген. Онда ҚазҰУ, биология факультеті, Биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының меңгерушісі Меруерт Құрманбаеваның 2011 жылы жарық көрген «Ботаника және өсімдіктер биоалуантүрлілігі» туралы кітабы толықтай басқа ғалымдардың еңбегінен көшіріліп алынғаны айтылған.

[caption id="attachment_24382" align="aligncenter" width="342"] Нұғман Аралбай[/caption]

Осы жайтқа қатысты сайтымызға биология ғылымдарының докторы, профессор Нұғман Аралбай (суретте) хабарласып,  пікірін білдірді. Қаз-қалпында беріп отырмыз.

Ескерте кетейік, редакция бұл арада авторларға ашық алаң ұсынып отыр. Сайтымызда жарық көрген мақала авторларының ұстанымы мен редакциясы көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Сонымен,  Нұғман Аралбайдың не дегенін оқып көрелік.

Назарбаев біліп отыр... 


"Плагиат деген жақсы нәрсе емес. Бәсенеден белгілі дүние бұл.  Президенттің Ұлттық ғылым академиясының жалпы жиналысында осы туралы сөз қозғауының өзі мәжбүрліктен туған. Бұдан әрі үндемей қалмасқа болмады. Назарбаев осы саладағы былықты көріп-біліп отыр өйткені.
Оның алғышарттары мынадай: ең қиыны – бір кездері Білім министрі болған Б.Жұмағұлов мырзаның, ҚазҰУ-дың ректоры Ғ. Мұтановтың осындай «шикі» «ғылыми еңбектерін», оның ішінде басқа докторлық диссертациялар да бар, қазақтың ғылымына, қала берді бүткіл қазақ зиялыларына түскен көлеңке, жаққан қара күйе екендігі ендігі жерде дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.

Ең сорақысы сол – мұндай «авторлар» - «плагиаторлар» ғылым мен білімдегі ірілі – ұсақты мансап иелері болып алған.

Істегені ұрлық, аузының «дуасы», сөзінің «құнары» жоқ осындай «плагиаторлар» ғылыми кеңестер, кафедралардың, факультеттердің, зертханалардың, ҒЗИ-ның ғылыми форумдарына басшылық жасап, шешім шығарып, үкімет органдарына беріп отыр.

Осындай басшылар мен төрағалар қабылдаған ғылыми шешімдерде қандай парық пен пәтуа, ақиқат бар?
«Өмірден не аларыңды уайымдама, соңында не қаларын уайымда» - деген екен дана бабаларымыз.

Бұл плагиаттар «өмірден не аларын» уайымдап жүрген адамдар, яғни олардың «мен кеткен соң топан-су қаптаса да, бәрібір» - деген ұстанымдағы адамдар екені көзге ұрып тұр. Елдің, жұрттың болашағын ойлаған адамдар олай ойламауы, істемеуі керек еді, әсіресе ірілі-ұсақты басшылар үшін бұл «кешірілмес күнә» болса керекті... Бірақ, олай болмай тұр. Бұл – біріншіден.

Ақша желге ұшты 


Екіншіден, Президенттің плагиат туралы Қазақтың ең биік ғылыми мінберінен айтуы, Қазақ ғылымының қазанын қайнатып отырған Білім және Ғылым министрлігіне, ғылыми еңбектерді сүзгіден өткізіп отырған Білім және Ғылым саласындағы бақылау комитетіне, ғылыми-сараптамалық қауымдастыққа, оның ішінде диссертациялық кеңестерге және т.б. берілген саяси баға сияқты.

Бұл дегеніңіз БҒМ-де ғылымды ұйымдастырып, басқаруда берекесіздікке жол берілген деген сөз. Экономикалық тілмен айтсақ, ғылымға деген мемлекет қаржысын БҒМ желге ұшырып отыр. Елбасының ең биік мінберден осындай алаңдаушылық білдіруін басқа қалай деуге болады?
Бұдан бұрын осы сайттан "ҚазҰУ-дағы плагиат: белгілі ғалымның еңбегі ұрланды" деген мақаланы оқыдым.

Ал енді сіз айтып отырған мәселеге келетін болсақ, бұл айтылған факт менің қабырғама қатты батып отыр. Әсіресе, ботаника ғылымына деген жеңіл көзқарас алаңдатады. М. Құрманбаеваның диссертациясы құрылымдық ботаника саласына, оның ішінде әртүрлі экологиялық факторлардың мәдени өсімдіктердің анатомиялық құрылысына әсері туралы болатын.

Ғылыми қауымдастық ол кісіні құрылымдық ботаниканың маманы деп мойындайды – ғой деп ойлаймын.

Ал енді жалпы ботаника мен биологиялық алуан-түрлілік мәселелері бойынша жасаған еңбектері бар ма, жоқ па? – ол жағын біле алмадым.

Сондықтан, егер М. Құрманбаева ханым құрылымдық ботаникадан монография, оқулық және т.б. жазып, оқу процесіне енгізіп жатса, менің ойымша, ол осыншама шу тудырмауы керек еді. Себебі ондай кітап М. Құрманбаева ханымның тарапынан ғылыми негізделген болар еді. Ал енді мына оқулық «ЖенПИ-де» кітап жетпей жатқан соң басылған сияқты. Асығыс, терең ойланбастан ...

Әйтпесе, сол «ЖенПИ» осы кітапқа көшірілген Н. Мұхитдинов, С. Айдосова, Ә. Бегеновтің және Ә. Әметов әріптестеріміздің осы еңбектеріне баспаға тапсырыс бере салса, авторларына «гонорар» төлей салса болды емес пе?

Кәсіби ботаник ретінде айта кетейін – бұл кітаптар менің жұмыс столымдағы күнделікті ауа мен су сияқты қажетті дүниелер. Басқа ботаниктерде де солай екеніне сенімдімін. «Мен мұны не үшін айтып отырмын», - десеңіз, айтайын:
- Ол кітаптардағы сөйлемдер мен сөз – саптаулар, ой мен ғылыми ақпарат беру стилі қазақ тіліндегі ботаника ғылымымен айналысатын көпшілікке кеңінен мәлім. Сондықтан, кейбір коментарийлерде айтылғандай – әдебиеттер тізімінде келтірілгенмен де, басқа авторлардың ойына сілтеме бар да, көшіру бар. Менің ойымша, бұл жерде көшіру басым. Көшіргенде де – батыл көшіру, белден басып көшіру десек болатындай.

Бұл – біріншіден.

Плагиат


Екіншіден мені алаңдататыны, М. Құрманбаева ханымның докторлық диссертациясына ғылыми жетекшілік еткен А.К. Саданов мырза өсімдіктер анатомиясы саласынан маман емес, оның үстіне диссертация «Экология» - мамандығы бойынша диссертациялық кеңесте қорғалған (сол А.К. Саданов төрағалық ететін). Ал А.К. Садановтың ғылыми жетекшілігімен сол диссертациялық кеңесте қорғалған Г.Т. Ситпаеваның ботаникадан докторлық диссертациясының 85% - плагиат екені кезінде дәлелденіп, ашық дереккөздерде жарияланған.

Осы диссертациялық кеңесте қорғалған тағы да бірқатар докторлық диссертациялардың зерттеу нышаны (объектісі) – ботаникалық болғанымен, оның авторлары ботаник еместер болатын және де барлығының ғылыми жетекшісі – А.К. Саданов. Ал А.К. Саданов ботаника саласының маманы емес.

Сондықтан, осы мақалаға айтылған коментарийлердің бірқатарында ұсынылған М. Құрманбаеваның докторлық диссертациясын плагиатқа тексеру идеясы де негізсіз деп айта алмаймын.

Бұл ретте ботаникалық объектілерден докторлық диссертация қорғаған А.К. Садановтың барлық «оқушыларының» жұмыстарын плагиатқа тексеру керек сияқты. Әзірге есіме түсіп тұрғандары – ерлі-зайыпты Кентбаевтар және т.б. Жарайды, ұрлап-көшіргенді плагиат дедік. Ал плагиаттыққа дем беріп, ғылыми-жетекшілік еткен «тұлғаны» кім дейміз?

Мен сіздің назарыңызды аударып отырған А.К. Саданов мырза ҒЗИ-ның директоры, мемлекеттік сыйлықтың иегері, Үкімет басшысы төрағалық ететін жоғарғы ғылыми – техникалық кеңестің мүшесі, һәм ботаниканың маманы болмаса да, ботаникадан докторлық диссертациялардың ғылыми – жетекшісі. Сонда кімді ұлықтап жүрміз?

Мына мақаладан кейінгі коментарийлерде М. Құрманбаеваны жақтап журналиске, басқа адамдарға қаттылау сөздер айтылып жатыр. Қолынан ұстап алған дүниені, дәлелденіп айтылған дәйекті сөзбұйдаға салу Елбасымыз ұстанған саяси бағытқа қарсы тұру емес пе екен?..

Рекомендовать
Последние новости