Түркия Қазақстанның ішкі ісіне неге араласады?

Dalanews 07 мар. 2017 13:45 1039

Түркия билігі көптеген елдерде ашылған Түрік лицейлеріне шүйлігуін тоқтарар емес. Күні кеше baq.kz сайтына сұхбат берген Түркияның Қазақстандағы елшісі Невзат Уянык та бұл мәселені айналып өтпепті. 

Елшінің айтуынша өткен жылдың 15 шілдесінде Түркияда әскери төңкеріс жасамақ болғандарға Феттулах Гүлен жетекшілік еткен.

"Гүленнің лаңкестік ұйымы бар. Біз оны FETO дейміз. Тек Түркияға ғана емес, басқа елдерге де кеңінен тараған ұйым. Олар білім саласы арқылы, БАҚ арқылы және іскерлік қарым-қатынастар арқылы кез келген елде өз жоспарларын жүзеге асырып отыр. Сондықтан да біз бауырлас, мүдделес елдердің FETO ұйымына қарсы әрекетке баратынына сенімдіміз" деген Невзат Уянык.

Бұл ретте ол ҚТЛ мектептерін тілге тиек еткен. 

"Бұлар Қазақ-Түрік лицейлері деп аталғанымен, бұл мектептерге мұндай атау ресми түрде берілген емес. Және бұл мектептер Түркия Ұлттық білім министрлігінің құзыретіне қарамайды. Мұнда сабақ беретін ұстаздар да министрліктің атынан келген мұғалімдер емес. Директорлары да Түркия тарапы ұсынбаған басшылар. Олар бар болғаны, Түркия атауын рұқсатсыз пайдаланып, өз мақсаттарын жүзеге асырып отыр.

 ...Біз бұлардан арылатын боламыз. Осы мектептерді кадрмен қамтамасыз ету, сапалы білім беру мен білімді оқушы дайындауда Түркия тарапы Қазақстанның Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, қолдан келгеннің барлығын жасауға әзір", – деген түрік елшісі. Сонымен қатар ол алдағы уақытта бұл лицейлердің толықтай Түркия Ұлттық білім министрлігінің қарамағына өтетінін айтқан. Қазір осы мақсатта Түркия Ұлттық білім министрлігінің жанынан арнайы қор құрылып, өзге мемлекеттердегі түрік лицейлерін FETO лаңкестік ұйымының әсерінен арылту мәселелерімен айналысып жатыр екен. 

Біз осы мәселеге қатысты сарапшылардың пікірін сұрадық. Қателеспесек, еліміздегі Түрік лицейлерінің атауы өзгерген. Сосын бұлар Түркияға емес, толықтай Қазақстанға тиесілі мекемелер.

Ендеше елші мырзаның "бұл лицейлер толықтай Түркия Ұлттық білім министрлігінің қарамағына өтеді" деуін қалай түсінуге болады? Оған мұндай кепілдікті кім беріп жүр? 

Айдос САРЫМ, саясаттанушы

Түркияның Сыртқы істер министрлігі паранойяға келетін позицияға жақындаған сияқты. Бүкіл әлемдегі өзіне қатысы бар, қатысы жоқ кезінде Түрік лицейі деген атау алған оқу орындарының барлығын өзіне жау санауы осының белгісі. Көптеген елдерде ашылған Түрік лицейлеріне шүйлігу арқылы Ердоған Түркияға біршама жақын, осы елге ынтызарлығы бар, әрі дұрыс көзқараспен қарайтын азаматтардың санын кемітіп жатыр. Бұл үлкен стратегиялық қателік. 

Екіншіден, қазіргі күні елімізде Қазақ-Түрік лицейлері деген атау жоқ. Бұлар толық мемлекет қарамағына өткен, Қазақстанның Білім министрлігі бекіткен стандарттармен жұмыс істейтін мекемелер. Түркияның бұл ретте: "оларға мұғалім таңдаймын, басшылығын ауыстырам немесе басқа да өзгерістер жасаймын" деуі Қазақстанның ішкі ісіне ашық араласуы. Үшіншіден, түрікшілдік деген ол тек қана Ердоған емес. Ол Ердоғанға байланысты емес. Түркия Ердоған ғана емес. Осы мәселені дұрыс аңғару керек. Иә, түбіміз бір. Бірақ, әр елдің өз тарихы бар. Өзіндік бағыты, мәдениеті бар.
Түркия Қазақстандағы кезінде Қазақ-түрік лицейлері деп аталған, қазір Білім-инновация лицейі  деп аталатын оқу орындарына ешқандай қатысы жоқ екенін түсінсе және оған қатысты аллергиясынан арылса деген үлкен өтінішім бар.

Себебі, мұнда оқып жатқандардың дерлігі қазақтың баласы. Білім деңгейі тұрғысынан бұл лицейлерге тағатын мін жоқ. Бүкіл Олимпиада, конкурстардың барлығын жеңіп жатқандар осы лицейдің түлектері. Егер бұған қиянат жасайтын болсақ, ендеше өзіміздің біліми әлуетімізге қарсы әрекет жасағанымыз. 

Түркия Сыртқы істер министрлігінің, Түркия елшілігінің осы мәселеге қайта-қайта айналып соғуын Қазақстандағы білім деңгейіне, білім сапасына қарсы жасаған арандатуы деп қабылдауға да болады. Бауырлас ел өздерінің ішіндегі әңгімені біздің ішкі жағдайға араластырмағаны жөн. Сонда ғана ортақ түсінік пайда болады. 

Бәлкім, біздің Сыртқы істер министрлігі Түрік елшісін шақыртып, лицейлерде істейтін ұстаздардың 90 пайызы қазақ азаматтары, білім алатын балалардың дерлігі қазақ баласы екенін көзін жеткізіп, Түркияға түк қатысы жоқ екенін дәлелдеуі тиіс шығар. Соңынан "бізді мазаламасаңыздар біз сіздерге риза боламыз" деп шығарып салса, осы мәселеге де нүкте қойылар ма еді...

 

Расұл ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:

Осыдан бір жылдай бұрын еліміздегі Түрік лицейлерінің атауы өзгерген. Иә, халықтың түсінігінде олардың осы атауы сақталып қалған да шығар. Бірақ, осыдан-ақ аталған лицейлердің Түркияға түк қатысы жоқ екенін түсінуге болады.  Қазақстанның Тәуелсіздігін ең алғаш таныған мемлекет  – Түркия. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Ал Түрік лицейлерінен түлеп ұшқан түлектер өмірде өз орнын тапты. Қазақстанның дамуына үлесін қосты, қосып та келеді.  
Бірақ, уақыт бір орында тұрмайды. Кезінде Түркия мемлекетінің көмегімен ашылған лицейлердің атауы ғана емес, білім берудегі бағыт-бағдары түгелге дерлік өзгерді. Бұл жерде түріктің тілі, ділі, түрік тарихы, түрік дүниетанымы оқытылған жоқ. Барлығы қазақи қағидатқа, қазақи мәдениетке негізделді.

Осы лицейлерде оқитын жастардың білім сапасы жоғары екенін көзі қарақты қауым жақсы біледі. Түрік лицейлерінің түлектері ең үздік білімге ие. Олимпиада жеңімпаздарының көпшілігі, үздік оқу орындарына түсетін жастардың дерлігі осы Түрік лицейлерінің түлектері. Анығында, бұл біздің түрік ағайындармен гуманитарлық салада қол жеткен жетістіктеріміздің бірі. 

Ердоған күшейгелі бері Түркияның ішкі, сыртқы саясаты өзгерді. Түркия авторитарлықты қойып, тоталитарлық мемлекетке айналып барады. Түркия өз ішіндегі былықтарды басқа да елдерге таратқысы келіп отырған сыңайы бар. Қазіргі түрік билігінің Түрік лицейлерінен сезіктенуінің өзі айналып келгенде осының белгісі. Ал осы лицейлерге қатысты пікір білдірген Түркия елшісінің сөзі Қазақстанның ішкі ісіне қол сұғу. Себебі, бұлардың атауы түрік болғанмен, заты, мазмұны түгелімен қазақтікі. Бұл арада біздің биліктің те кемшілігі бар. Әу бастан басып ашып алу керек еді. "Бұл біздің ішкі ісіміз. Сендердің шаруаларың болмасын. Түрік лицейлері Білім министрлігіне қарайды" десе бәлкім бұлай болмас та еді.  Сондықтан бұл арада біздің тараптың әлсіздігін, кез-келген арандатуға қарсы дер кезінде пікір білдірмейтіндігін, үнсіз қалуды жөн көретіндігін баса айту керек.

Түрік лицейлеріне тағылатын айыптардың барлығын білеміз. "Гүленшілдерді" тәрбиелеп жатыр" дейді. Бұлардың ең негізгі сылтауы сол. Елес, үрей...

Түркияның өз ішіндегі былығы бастан асады. Экономикасы ақсап тұр. Саясаты да оңып тұрған жоқ. Қазіргі түрік президенті өзіне қарсы уәж айтқандардың барлығын басып-жаншуға ынталы. Жіберген қателіктері үшін өзін өмес, өзгелерді айыптауға әуес. Бұл жағынан келгенде Путиннен айнымайды. Бүгінгі Ресейдің барлық сәтсіздіктеріне АҚШ кінәлі болса, бүгінгі Түркияның барлық проблемаларына осыдан он жыл бұрын елден көшіп кеткен Фетуллах Гүлен кінәлі.

Қайталап айтайын, бұл Қазақстанның ішкі ісі. Иә, Түркия бауырлас мемлекет. Бірақ, солай екен деп басындыруға, басқа шығаруға болмайды.

Білім министрлігі не дейді? 


Түркияның Қазақстандағы елшісі Невзат Уяныктың қазақ-түрік лицейлерінің (ҚТЛ) Түркия білім министрлігі басқаруына өтетіндігін еліміздің Білім және ғылым министрлігі ресми түрде жоққа шығарды.

Бұл туралы министрліктің ресми мәлімдемесінде айтылды.

«ҚР Білім және ғылым министрлігі «Білім-инновация лицейлерінің» толықтай қазақстандық білім беру мекемелері екендігі туралы, сондай-ақ олардың өз қызметін қалыптасқан жағдайда жалғастыратыны туралы ресми мәлімдейді. Түрік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Невзат Уяныктың 2 наурыз күні қазақ-түрік лицейлерінің (ҚТЛ) Түркияның білім министрлігі басқаруына өтетіндігі туралы айтқан болатын.
ҚР Білім және ғылым министрлігі мұндай шараның болу ықтималдығының өзін ресми түрде жоққа шығаратыны туралы мәлімдейді.

ҚТЛ «Білім-инновация лицейлері» болып қайта құрылып, қазақстандық білім беру стандарттары бойынша жұмыс істейді», — делінген баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде. Сонымен қатар, жаңа атау берілген оқу орындарының жұмысы өзгермейтіндігі аталып өтілді.

«ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ҚР Сыртқы істер министрлігі осы мәселе бойынша бірігіп мәлімдеме жасайды. Оған дейін ҚР Білім және ғылым министрлігі қазақстандықтарды Түркия елшісінің жасаған мәлімдемесі бойынша алаңдамауларын сұрайды. «Білім-инновация лицейі» жұмысының әдеттегі тәртібі өзгеріссіз қалады», делінген хабарламада.

 Қазақ-түрік лицейлерінің бәрі 2016 жылы «Білім-инновация лицейлері» болып қайта құрылған.

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ


Рекомендовать
Последние новости