Назарбаев жүйесі қазақты психологиялық тұрғыдан сындырып кетті - белгілі журналист

Dalanews 02 июн. 2022 15:40 878

Белгілі журналист Мұхтар Түменбайдың пікірінше 30 жыл бойы өзгермеген жүйені, әрі осы жүйеде өніп-өске қоғамды әп-сәтте өзгерту мүмкін емес. Соған қарамай, әрбір қазақ алдағы науқаннан қалыс қалмауы керек. Бұл Назарбаевтың мұрасы мен дәуіріне нүкте қоюдың жалғыз жолы. 

Түменбайдың топшылауынша Тоқаевтың тұсындағы Қазақстанның қарыштап дамып, қатарынан оза қоюы екіталай. Әйтсе де, әріптесіміз дәл қазіргі кезеңде Тоқаевтың өзін де, оның конституциялық өзгерістер жөніндегі бастамасын да қолдауға әзір.

Неліктен?

"Ең бастысы - мен Назарбаев дәуірінің ендігәрі қайталанғанын қаламаймын. Оның кландық, ұры-қарылық жүйесінің біржола ыдырағанын көргім келеді.

Сондықтан да кейде Тоқаевтың жан-жағына тым көп жалтақтайтыны мені де ашуландырады. Бірақ дәл қазір бәрімізге бір ақиқатты анық сезініп, санамызбен қабылдау керек. Қанша жан-тәнімізбен қаласақ та, қанша жерден Тоқаевтан талап етсек те, 30 жыл бойғы тоқырауды бастан кешкен қоғамды әп-сәтте өзгерту мүмкін емес. Оның себебі көп.

Бірақ басты себебі - қоғам санасының әбден уланғаны. Жүйе кінәлі, жүйе оңбаған дейміз. Ал жүйе деген не? Ол сіз бен біз. Қаласақ та, қаламасақ та, бәріміз де сол жүйенің тетігіміз.

Бүгінде мемлекеттік қызмет ел игілігі үшін жұмыс істеу мүмкіндігі емес, мансап құралына, табыстың көзіне айналды.

Көбісінің онда барғандағы мақсаты біреу ғана - мемлекеттен жеп қалу, қазынадан жымқыру, ондай дәрежеге жетпесе де, тым құрығанда жұрттан майда-шүйдалап пара алатын мүмкіндікке ие болу. Пейіл мен пиғыл бұзылған мем. қызметкерде", – дейді журналист.

Түменбайдың айтуынша Назарбаев тұсында елдің жүйкесі әбден жұқарған. Жұрт билік түгілі, бір-біріне сенуден қалған.


Күмәншілдік, күншілдік, араздық, ұрыс-керіс, айғай-шу, байбалам салу күнделікті нормаға айналған...

"Баянсыз тіршілік, тұрақсыздық, болашаққа сенімсіздік себеп болды осының бәріне. Менің ішімді удай ашытатыны, Назарбаев кланының ұрлаған дүние мүлкі емес. Дүние-мүлік пен материалдық игіліктерді адамның қолы жасайтыны рас болса, ол байлықтың орны, ерте ме, кеш пе, толар.

Мені күйдіретіні -

бұл арамза жүйенің дүйім жұртты, бүкіл қазақты психологиялық тұрғыдан сындырып кеткені.


Келешекке деген сенімін таптап, жаншып тастағаны. Сенімсіздік пен шарасыздық, бейшаралық пен немқұрайлылық күйге мойынсындырып кеткені ызаландырады.

Назарбаев дәуірінің басты қалдырған кесапатты мұрасы міне, осы. Ол айыпты өлер шақта интервью беріп те, ешбір туысқаныңды құрбандыққа шалумен де ақтап алмассың.

Ұзын сөздің қысқасы, мен қазіргі таңда еңсесі езілген елдің рухын түзеуге бағытталған кез келген бастаманы қолдауға әзірмін. Ал ол өзгерістер, не десеңіздер де, бар. Тек соқыр ғана оны көрмейді. Ертеңгі Ата-заңға енгізілгелі отырған өзгерістер де сол бағыттағы шаралар.

Жаңа Конституцияда болашақтағы қауіптердің бәрі тегіс ескерілді деуге келмес әрине. Ондай кепілдікті Тоқаевтың өзі де бере алмайтыны анық. Бірақ, бұл назарбаев дәуіріне, белгісіздік пен мақсатсыздық дәуіріне біржола нүкте қоятын алғашқы қадам. Сондықтан да маған бұл өзгерістер қажет", – дейді Мұхтар Түменбай.

Автордың рұқсатымен жарияланды




Рекомендовать
Последние новости