Назарбаев: «Бұдан да зор сынақтарды өткергенбіз»

Dalanews 07 апр. 2020 15:25 801

Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдап, қабылданған іс-шаралардың арқасында коронавирус инфекциясының таралу қарқыны төмендегенін айтты, – деп хабарлайды Еlbasy.kz сайты.

– Медицина қызметкерлерінің үйлесімді жұмысын ерекше атап өткім келеді. Қиын жағдайда құқық қорғау органдары да тиімділігін көрсетіп отыр. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар да белсенді жұмыс істеуде, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды.

– Президенттің барлық бастамаларын жергілікті жерлердегі халыққа жеткізу маңызды. Мен бұл мәселеге әкімдермен телефон арқылы болған әңгіме барысында да тоқталған едім, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.


Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі жағдайда экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігіне назар аударды.

– Әлемдегі экономикалық ахуал күрделі. Бірақ бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша еліміздің көрсеткіштері жаман емес. Алайда карантиннің салдары экономикалық көрсеткіштерге әлі толық әсер ете қоймағанын ескеруіміз керек. Осы орайда шағын және орта бизнесті қолдау, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі маңызды. Қазір дағдарыстан кейінгі кезеңде не істейтінімізді ойластырғанымыз жөн. Экономика төмендеп, 2008 жылғы дағдарыстың салдарынан да ауыр болуы мүмкін, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев отандық экономиканы қолдау үшін Ұлттық қор мен Үкімет қорынан 10 миллиард доллардың уақытында бөлініп жатқандығын атап өтті.


Өз кезегінде Премьер-Министр Қазақстанның Тұңғыш Президентіне ел аумағында коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар жөнінде ақпарат берді.

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев экономиканың шикізаттық емес секторларын дамытуға бағытталған бағдарламаларды іске асырудың маңыздылығын атап өтті.

– Біз бұдан да зор сынақтарды өткергенбіз. Бұл ауыртпалықты да еңсереміз. Ең бастысы – ел бірлігі мен сабырлығы. Менің ойымша Үкімет тиімді жұмыс атқарып жатыр. Ертең менің Қазақстан халқына үндеу жасаған мақалам жарияланады. Қазір бүкіл әлем қиын күй кешуде. Дерттің таралу қаупі әлі сейілмей тұр. Сондықтан баршамыз бір-бірімізге деген сыйластықты сақтай отырып, табандылық пен төзімділік танытуымыз керек, – деді Елбасы.

Рекомендовать
Последние новости