Навальный – шовинист. Оған жақтаспаңдар – Петр Своик

Dalanews 01 февр. 2021 09:09 1091

Саясаткер әрі экономист Петр Своик қазақ ұлтшылдығының күшейіп жатқанынан сескенетінін жасырмайды. Оның пікірінше, Навальный демократ емес, керісінше орыстың «ярый» ұлтшылы. Ал Еуроодақ АҚШ-тың айтқанымен жүріп-тұратын еркіндігінен айырылған шалажансар құрылым.

«Ресей  мен АҚШ-тағы оқиғаларды қазақстандықтар қалт жібермей қадағалайды...», – дейді ол.

Оның айтуынша, Тоқаев қазір екі кеменің басын қатар ұстауға тырысып жүр. Бір сөзінде Мәскеуді жақтайтындай көрінсе, ендігі бір мәлімдемесінде Батыстың жолымен жүруге үндеуде.

«Тоқаевтың соңғы мәлімдемесін құлақ қойып тыңдасаңыз Қазақстанның қай тарапқа жақтасарын білмей, әрі-сәрі күйде жүргенін аңғарасыз. Ресейдің сөзін сөйлей ме? Әлде Батыстың позициясын ұстана ма? Түсініксіз.

Ел ішіндегі ахуал да екіұшты. Тоқаев бір сөзінде экономикадағы мемлекеттің рөлін әлсірету туралы айтса, енді бірде мембағдарламаларды трансформациялауға өтіп кетеді», – дейді Своик.

Саясаткердің пікірінше, мына дүниені трансұлттық корпорациялар билеп-төстеп отыр. Ең ықпалды деген елдердің өзі әлгіндей компаниялардың айтқанын екі етпей орындайды.


Своик капиталистік жүйе өсе келе, дами келе трансұлттық компаниялар  кейпіне енгеніне сенімді. Ал олар өз кезегінде әлемді тең бөліп алған.

«Бір кездегі империялар квази-тәуелсіз квази-мемлекеттерге айналды. Бұлардың төбе басында Америка тұр», – деген саясаткер осы арқылы әлемге әмірін жүргізіп отырған АҚШ-ты аса қатты жақтырмайтынын ашық аңғартты.

Бұл сайлау, қай сайлау?


Америкадағы сайлау Қазақстандағы Своикті де бейжай қалдырмапты. Трампты тақтан тайдырған Байденді айыптайды саясаткер, осы арқылы орыстілді аудиторияның қазіргі көңіл-күйінен хабар бере кетеді.

«Байден бастаған демократтар Американы қайтадан ұлы мемлекетке айналдыра алмайды. Трансұлттық компаниялар АҚШ-тың президентін айтқанына көндіріп, айдауына жүргізеді. Олар үшін ең бірінші кезекте корпорацияның бағыты мен бағдары маңызды.

Бұларға кім иелік етеді? Бұлар кімге басшылық жасайды? Қазіргі ең өзекті сауал осы», – дейді ол.

Айтуынша, Еуроодақ әлдеқашан Американың құлына айналған. Бұл өзіндік пікірі жоқ, әркезде АҚШ-қа ғана арқасүйейтін шалажансар ұйым.

«Еуропа елдерінің саясаты трансұлттық корпорациялардың сойылын соғуға негізделген. Батыстағы бірқатар елдер осындай корпорациялардың негізінде ұлттық мүддесінің үгіт-насихатын жасайды», – дейді ол.

Саясаткер бұл арада да Ресейге арнайы тоқталады. Оның айтуынша, АҚШ пен Батыс өз аумағында пайда болған трансұлттық компаниялардың қабағына қарап сөйлейді.


«Сыртқы нарықтағы компанияларына сөзін өткізе алатын әрі олардың қызметіне ықпал ететін мемлекеттер ретінде Қытай мен Ресей Федерациясын сенімді түрде атай аламыз. Болды. Бар болғаны осы.

Ал АҚШ-тың алдағы тағдыры қалай өрбитіні сізге де, бізге де белгісіз. Тұманды. Түйткілді.

Еуроодақ? Батыстың өз пікірі жоқ. Олар әлдеқашан бас бостандығынан айырылған. Ал сыртқы нарықта өз субъектілері жоқ елдерді шынайы тәуелсіз деп айта алмаймыз. Себебі бұларда Үлкен ойынның бір бөлшегі іспеттес. Кей кездері субъекті ғана емес, объектіге айналып кетеді», – дейді ол.

Навальный?


Иә, Навальный. Своиктің атап өткеніндей, Ресей оппозиционері либерал да, демократ та емес. Олармен он қайнаса сорпасы қосылмайды.

«Навальный Батыстың (немесе жаһандану жақтастарының) Ресейдегі жобасы ма? Осы сұраққа жауап іздеген жұрт көп.

Иә, Бейжіңге келгенде мәселенің басы ашық. Қытай «Әли Баба» мен «Huawei-дің» төбесінен төніп тұр. Бейжің бұларды уысынан шығармайды әрі саяси құрал ретінде пайдаланудан тайынбайды.

Мұны жақсы білетін Батыс Қытайды әлемдік саяси сахнадағы негізгі оппоненті ретінде бағалайды. Қытай экономикасының АҚШ-ты басып озып, әлемде алғашқы орынға шығуынан қауіптенеді», – дейді Своик.

Сөй деген саясаткер жаһандану жақтастарының Ресейге келгенде де дайын жоспары барына сенімді. Олар бұл жоспарды Алексей Навальныйдың көмегімен жүзеге асыруды көздейді екен. Навальный олар үшін құрал. Саяси құрал ғана.

«Негізінде Навальныйды либерал дейтіндер қатты қателеседі. Ол ешқашан либерал болмағанын, керісінше бір топ орыс ұлтшылдарының жыл сайынғы парады «Русский марштың» экс-мүшесі екенін ұмытпауымыз керек.

Навальный Батыс құндылықтары үшін күресіп жүрген жоқ, орыс халқы лайықты, орыс халқына «тиесілі» шындық пен әділет іздеп жүр. Халықтың есебінен күн көретін әкімшіл-әміршіл жүйені әшкерелеу оның ең басты мұраты.

Навальный бүгінгі заманның «Степан Разині». Разин мен Навальныйдың лозунгтары бір-бірінен айнымайды. Тек бүгінгі жағдайда алаңға қолына смартфон ұстаған буын шығуда.


Политтехнологиялық тұрғыдан барлығы сауатты жасалған. Ресей билігі шынымен де, жемқорлыққа бөккен, халқы қайыршы, үнемі депрессияда өмір сүреді. Навальный мұның бәрі капиталын Батысқа тасыған Кремльдің құрамындағы батысшыл-либералды шенеуніктердің тойымсыздығы мен сауатсыз саясаты кесірінен орын алғанын жақсы біледі», – дейді Своик мырза.

Оның пікірінше, Путин зұлым патшаның рөлін сомдауды қабыл алған. Ол бұдан былай бұл образдан қашпайтын болады.

«Ходорковский қамалды, Путин Шешенстанның «шаруасын шешті», Мәскеу Қырымды қол астына қаратты. Путин өзі Зұлымдық империясының әміршісі екенін қазір ешкімнен жасырмайды.

Батыстың әзір Навальныйдан өзге арқаланар адамы жоқ. Содан да болар, «берлиндік пациентке» кенеше жабысып алғаны. Улаумен байланысты оқиғаны ой елегінен өткізсеңіз, одан кейін елден кету мен елге оралу бар, қамауға алынғаны және артынша зәулім сарай туралы фильмнің жарық көргені: Кремльдің өз ішінде бұрынғы өкпе-ренішті ұмытып Батыспен татуласқысы келетін топтардың бар екенін айғақтайды», –дейді ол.

Түсініксіз тұжырым


Своиктің пайымдауынша, қазақ мемлекеттілігінің толыққанды қалыптасуына қазақ ұлтшылдары кедергі келтіруде екен. «Сонда қалай болғаны?» дейміз біз? Ұлтшылдар ұлттың иммунитеті емес пе еді?

Сөйтсек Своик мырза қазақ ұлтшылдығы мен қазақ мемлекеттілігін бөле-жара қарастырады екен. Ұлтшылдардың қазақ мемлекетін құруға атсалысқанын мүлде қаламайды. Әйткенмен осы тараптағы кейбір пікірі көңілге қонымды көрінді.

«Мына заманда ұлттық мемлекетті қалыптастыру өз аумағында сыртқы күштердің жөн сілтеуіне бағынбайтын дербес саясат ұстануды білдіреді.

Сыртқы саясатта ұлттық мүддені бірінші кезекті ескеру де шынайы егемендіктің белгісі. Толыққанды, толысқан ұлт мемлекеттіліктің осындай ауқымдағы деңгейін қамти білуі керек.

Біздің Қазақстанда Үкімет пен Парламент елдің мұнай-газ саласы мен тау-кен өндірісін иемденіп алған шетелдік компаниялардың аузына әлі күнге дейін қақпақ қоя алмай отыр. Сыртқы нарықта мақтан тұтар субъектіміз де жоқтың қасы.

Мемлекет қарамағындағы, мемлекеттің асырауындағы компаниялардың бірде-бірі сыртқы нарыққа шығып, шынайы бәсекеге түскен емес.

«ҚазМұнайГаз-дың» іліп аларлық кен орындары жоқ, «ҚазАтомПром» өндірілген шикі уранның тең жартысын шетелдік компаниялармен бөліседі. Кейбіреу тамсанып айтатын суперхолдинг «Самұрық-Қазына» қоры ішкі нарықта ғана ойқастаған болады.

Ұлттық валютаның да құны жоқ. Теңгенің экспорттық-импорттық алыс-берістегі үлесі 1-3 проценттің төңірегінде ғана.  


Саясатта атқарушы және өкілетті органдарда Еуроодақ пен Қытайдың бірде- бір өкілі жоқ. Ал негізінде, бұлар біздің ең негізгі сауда серіктесіміз емес пе?

Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың саяси қыры сөз бола қалса, басын ала қашады», –дейді сарапшы.

Орыстілді аудитория еуразиялық интеграцияның тереңдей түскенін қалай ма?


Своиктің сөзінен соңы аңғарғандай болдық.

Оның сөзінше, қазақ ұлтының өкілдерінен тұратын қазақ мемлекеттілігі еуразиялық интеграцияны аттап кете алмайды. Осыған дейін айқындалған құзыреттен бөлек, ортақ одақтық шарттарға жер қойнауында қазба байлықты игеру ережесі деген талап енгізілуі қажет дейді ол.

Своиктің пікірінше, қазақ ұлтшылдығының шеңбері тар. Этникалық ерекшелікке ғана негізделген.

Ал АҚШ пен Батысқа әлем жұртының санасына тықпалап үлгерген жаһандану процесін жеделдету үшін гомогенденген ортаның қалыптасқаны маңызды. Былайша айтқанда, еркек те емес, әйел де емес, осы екеуінің ортасында тұратын, бір емес, бес-алты гендерлік ерекшелігі бар аудитория.

«Дәл қазіргі Еуропаның ұлттық құрамы эмигранттық микстан тұрады.

Бір мемлекетте тілі бөлек, діні бөлек, мәдениеті бөлек бірнеше этнос қоян-қолтық араласып тұрса, мұндай мемлекетке ықпал ету де оңай», – дейді Своик ілгерідегі өз сөзіне өзі қарсы шығып.

Оның атап өткеніндей, қазақ мемлекетінде қазақ ұлтшылдарының саны жетіп артылады. Ал шынайы мемлекетшіл тұлғалар тапшы екен.

«Қазақ мемлекетінің қазіргі жағдайына көпшіліктің көңілі толмайды. Патриоттық ұстанымдағы қауым биліктің ит терісін басына қаптап, жүйенің 30 жылда жіберген қисапсыз кемшілігін бетіне басуда.


Ал биліктегілердің бетін тілсең қан шықпайды. Жыл сайын жаңа реформа жариялап жатқаны. Ескілері үшін ешкім есеп бермейді. Ескі жобаның қалай орындалғанына ешкім бас қатырмайды. Жаңа жақсы, ескі жаман.

Иә, билік те, осы билікті сынайтын белсенділер де «ең басты құндылық –  мемлекеттілік» деген ұстанымға келгенде бірауызды. Алайда жоғарыдағы ат төбеліндей топ бұл түсінікті өз қолайына қарай икемдеп алғаны, мемлекетшілдіктің атын жамылып небір жымысқы, құйтырқы әрекетке баратыны ешкімнің қаперіне кіріп-шықпайды.

Иә, біздің елде Тәуелсіздікті ең басты құндылық деп қабылдайтын, осы бір ұғымды қасық қаны қалғанша қорғауға әзірміз деп атойлап тұрған патриоттық бағыттағы партиялар мен қозғалыстар көп-ақ. Демократиялық принциптерді жалау еткен ұйымдар да жетіп-артылады.

Алайда сіздер бірнәрсені ұмыттыңыздар! Еуразиялық интеграция уақыт өткен сайын күш алып келеді. Бұл интеграция Қазақстанды тырп еткізбесін түсіну керек. Жыл өткен сайын Еуразиялық одақтың сан түрлі саладағы белсенділігі байқалып отыр. Уақыт өте келе еуразиялық интеграция деп аталатын тағы бір саяси бағыт пайда болады», – дейді саясаткер.

Своиктің айтуынша, әзірге біздің елде осы ұстанымды жалау еткен қандай да бір саяси күш не билікте, не қоғамда жоқ. Дегенмен ол уақыт өте келе Қазақстанда Еуразиялық партия пайда боларына шүбәсіз сенеді.

«Сол кезде Ата Заңда Қазақстандағы өзге ұлттардан алабөтен тұрған қазақ халқы қайтер екен?

Ашығын айтқанда, біздің ел Еуразиялық одаққа басыбайлы байланды. Елдің болашағы осы одақпен байланысты екенін саяси элитаның әлдеқашан көзі жеткен.

Қазақ ұлтшылдары? Негізінде, қазақтың ұлттық мемлекет болып қалыптасуына дәл осылар кедергі келтіріп отыр», – дейді Своик мырза.

Әзірлеген Роллан МҰХАМЕТҚАЛИ


 

 

Рекомендовать
Последние новости