Нанды турап сатайық: биліктің ең қисынсыз мәлімдемелері

Dalanews 18 нояб. 2015 14:30 991

Қызық, бізде бәрі бар дейді. Бірақ, іс жүзінде бірі де жоқ. Біздегі «бәрі бардың» бәрі – пафос, көлгір сөз. 25 жылдағы Қазақстанның барлық жетістігі бір күнде күл-талқан болды.  Осы күнге дейін біз иллюзияда өмір сүріп келіппіз. Іс жүзінде ілгері кеткен ештеңеміз жоқ екен. Мұндайда билік көңілге қонымды ұсыныс айту керек еді. Бірақ, айтары ақылға сыйымсыз болып тұр.

Күні кеше Ауылшаруашылығы вице-министрі Сапархан Омаров «халыққа нанды  бөлшектеп сату керек» деді. Бөлшектеп дегеніміздің өзі нақты балама емес, Омаров халыққа нанды бір-бірлеп турап, жапырақтап сату керектігін айтты, іс жүзінде. Осы арқылы нанның қадіріне жетеді екенбіз. 

Билік мұндай сауатсыз әрі сорақы мәлімдемелерді бірінші рет жариялап отырған жоқ. Біз бүгінге дейін жоғарыда айтылған – бір жағынан күлкің, бір жағынан жылағың келетін бірқатар мәнсіз мәлімдемелер мен орынсыз ұсыныстарды жинақтап бердік.

 

бирганымБірғаным ӘЙТІМОВА, сенатор

«ШЕТЕЛДЕ ЖАСТАР НЕСИЕГЕ ӨМІР СҮРЕДІ»

Иә, біле білсеңіздер, шетелде жастар осылай істейді. Олар өздерінің мүмкіндігінше өмір сүреді. Олар несие алып, өмір сүреді. Колледжде білімді де несиемен алады. Содан кейін қалай болғанда да жұмыс табуға тырысады. Олар студенттік жылдарында сабаққа дейін не кейін даяшы немесе қызмет көрсетудің басқа да салаларында жұмыс істейді. Осылайша несиелерін ақырындап өтейді. Ал одан кейін баспана қажет болғанда жалдамалы үй алады.

Біз не дейміз: Сіз бір жылдары Жастар министрі болғаныңыз бар екен, Бірғаным Сариқызы. Бізде несиеге өмір сүрмек түгіл, айлыққа өмір сүрудің өзі оңай емес, білесіз бе?

 

руслан азимовРуслан АЗИМОВ, Азық-түлік корпорациясының экс-төрағасы:

«НАН СЫРАДАН АРТЫҚ ЕМЕС»

– Шынымды айтсам, нанның қымбаттауынан ешқандай трагедия көріп тұрғаным жоқ. Иә, жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетіліп, өтемақы төленуі тиіс. Бар болғаны осы. Ал біздер мен сіздер нан бағасының 35 немесе 55 теңгеге қымбаттауын байқамай да қаламыз. 300-500 теңге деген не? Әрі кетсе бір шиша сыраның бағасы...
Біз не дейміз: Дәл осы мәлімдемесінен кейін Азимов орнынан кетті дейді. Кететіндей бар...

 

бауыржан байбек 2Бауыржан БАЙБЕК, Алматы қаласының әкімі:

«ЫДЫС ЖУҒАН СУМЕН, ЕДЕН ЖУАДЫ»

«Егер бағаны көтерсек, сен суды үнемдей бастайсың, үнемдеген болсаң бәлкім аз төлеуің де мүмкін. Бірақ, біз қайтеміз. Суды төгіп-шашамыз, жарықты қосып қоямыз, қағазды кетіреміз. Алайда бұл біздің ағаштар және біздің суымыз. Бүгін біз балаларымыздың, болашақ ұрпағымыздың есебінен үнемдемейміз. Міне, бұл дүниені де бізге түсіндіру керек».

...


«Мен Германияда оқығам. Ол жақтағы жағдай мынадай – коммуналдық қызмет мамандары бір үйге келеді. Келуі тегін емес, олар ол үйде біреу өліп қалған ба деп ойлайды, себебі, коммуналдық төлемінің құны өте аз. Ал ол үйде апа тұрады және барлығын үнемдейді. Алдымен ыдыс-аяқ жуады, артынан сол сумен еден жуады. Суға түскенде алдымен балаларын жуындырады, артынан сол суға өздері түседі. Міне, олар солай үнемдейді».

...

«Германияда түнде жылу батареясын өшіріп, жанына су қойып қояды. Су салқындай бастаған уақытта қайтадан қосады. Үй ыстық кезде таңертең шаршап тұрасың. Ал суық кезде адам жақсы демалады, үй суық болса адам денесінің температурасы да төмендейді. Температура төмендесе, тиісінше денеміз демалады.

...

Біз не дейміз: Бауыржан Қыдырғалиұлы, суды қолдансақ, жарық пен жылуды қоссақ, болмаса өзіңіз айтқандай, қағазды кетірсек, бұл – біздің өмір сүріп жатқанымыздың белгісі. Мәселе, мемлекеті қандай болса, халқы да сондай. Үкімет үнемдеуді неге өзінен бастамайды?

 
владимир нехорошевВладимир НЕХОРОШЕВ, экс-депутат:

«ОНЫҢ НҰР-СӘУЛЕСІ БІЗДІҢ ЖОЛЫМЫЗҒА ЖАРЫҚ ТҮСІРЕДІ»

 – Бүгінгі адамдар мынаны айтады: бұл адамның бойында күн бар, оның Нұр-сәулесі біздің жолымызға жарық түсірсін. Құрметті «нұротандық» партияластарым және съезге жиналған қонақтар! Біздің мойнымызға дамыған Қазақстанның қабырғасын қалау міндеті жүктелген. Біз мәдениетті, бақытты және қуанышты адамды буынын өсіріп шығамыз. Партиямызды Көшбасшысы жүктеген бағдарламаны ойдағыдай орындаймыз. Ал біздің Көшбасшы – Нұрсұлтан Әбішұлы, үлкен дарын иесі.   

Біз не дейміз: Нехорошевтің Назарбаевты Күнге теңеген энтузиазмын ешкім түсінген жоқ, тіпті президент те...

 

дарига назарбаеваДариға НАЗАРБАЕВА, Премьер-министрдің орынбасары:

«И ДЕТЕЙ ЭТИХ – УРОДОВ ПОКАЗАТЬ, ИНВАЛИДОВ, ПУСТЬ СМОТРЯТ»

«Меніңше, жасынан ерте жауапсыз жыныстық қатынасқа түсудің қандай салдары болатынын көрсету үшін балаларды ара-тұра жетімдер үйіне, мүгедек балаларға арналған интернаттарға экскурсияға апарып тұру керек. Оларға әлгі ұсқынсыз балаларды, мүгедектерді көрсету керек, көрсін! (Орысшасы: «И детей этих – уродов показать, инвалидов, пусть смотрят» – ред.). Мұндай әдіс 10 сағат лекция оқудан да күшті әсер етеді».

Біз не дейміз: Мұны Дариға ханым парламент депутаты болған тұста айтқан. Біз не дейміз? Біз емес, ел айтсын. Әлеуметтік қолданушының бірі сол кездегі Дариғаның сөзіне былай деп жауап беріпті: «Дариға, егер сіз сондай «ақылды әрі сұлу» болсаңыз, депутаттар мен спикерлеріңізді қазақ даласының бейбіт аспанынан гептил төгіліп жатқан Байқоңырға экскурсияға апарыңыз. Жазықсыз балалардың мутацияға ұшырау себебін сол жақтан іздеңіз. Жоғарыда отырып алып, полигон жабылса да оның іргесіндегі аудандарда сынақ өткізуге рұқсат берген адам – кемтар. Әлгі сынақ полигондарынан түскен капиталдың игілігін кім көріп жатыр? Ал бейшара халық біреулердің күнәсінен зардап шегіп отыр».

 

аслан саринжиповАслан СӘРІНЖІПОВ, Білім және ғылым министрі:

«...ӘЛІ ПАЙДА БОЛМАҒАН МАМАНДЫҚТАРДЫ ОҚЫТУ ҚАЖЕТ»

Қазіргі таңда оқушыларды, жастарды іс жүзінде жоқ (әлі пайда болмаған) мамандықтарға оқыту қажет. Себебі, технологиялар әр бес жыл сайын жаңарып тұрады. Сондықтан да алдағы уақытта біз естімеген мамандықтардың пайда болатынын ескеріп, балаларымызды соған қарай бейімдеу керек».

Біз не дейміз: Біздегі бар мамандықтардың өзіне жұмыс табу қиын, Сәрінжіпов мырза. Айтпақшы, «жоқ мамандық», ол қандай мамандықтар? Бізді қойып, соны өзіңіз білесіз бе?

 

школьникВладимир ШКОЛЬНИК, энергетика министрі:

«БЕНЗИН БАҒАСЫ ЕКІ ЕСЕ АРЗАНДАДЫ»

«Үнемдеу керек, бүкіл әлем үнемдейді. Әлемнен үлгі алу керек. Мен де осыған үндеймін. Егер мүмкіндік болса, жұмысқа дәу джиппен барғанша (?), өзіңізбен бір подъезде отыратын, тұратын адамдардың көлігіне отырып бірге жетуге болады».

 ...

«Қазақстанда бензиннің құны екі есеге арзандады. Есептеп, бөліп көріңіз: өткен жылда баға 128 және бағам 150 болды. 128 теңгеге 150, егер доллармен есептесек, бензин литріне 80 цент тұрған. Бүгін баға – 125, оны 270-ке бөлсек, литріне 40 цент болып шығады. Доллармен бұл әлдеқайда төмен. Алайда біз теңгемен есептейміз. Сондықтан бұл Ресейде екі-үш айда рубль бағамы қанша болатынына және теңгенің алдағы бағамына байланысты болып отыр. Маған осыған қатысты болжам жасап берсеңдер, мен де бензинмен не боларын болжап беремін. Доллармен санағандағы бензин құны көршілерімізбен салыстырғанда бізде ең арзан болып отыр. Қырғызстан, Беларусь және Ресеймен салыстырсақ, бізде арзанырақ»

Біз не дейміз: Күле де, жылай да алмайсың мұндай жағдайда. Ол – ақылды, біз – ақымақпыз. Школьник солай ойлайтын сияқты.

 

айкынАйқын ҚОҢЫРОВ, коммунист-депутат:

«БІЗДЕ НАН АРЗАН»

«Меніңше, Қазақстанда әлеуметтік жағдайы сын көтермейтін тұрғындарға ғана нан арзан сатылуы тиіс. Қалған азаматтар бұл өнімді 300 теңгеден сатып алуы тиіс. Себебі, нан арзан сатылса, халық бұл өнімге атүсті қарап, нан қалдығын қоқысқа тастауды доғармайды. Біз тек осылайша нанның қадірін арттыра аламыз».

Біз не дейміз: Былтыр «менің сөзімді бұрмалап жіберді» деген Айқын Қоңыров биыл тағы да «нан бағасы бұрынғыша қалмауы тиіс» деп жазыпты. Қызық, халық қалаулысы ретінде мұны халықтың пікірімен санасып айтып отыр ма, әлде...

 

ТАҚЫРЫПТАН ТЫС

ОЛАР ӨЗГЕ ӘЛЕМДЕ ӨМІР СҮРЕДІ

 есимов 1Ахметжан ЕСІМОВ, «ЭКСПО» төрағасы, Алматының экс-әкімі:

 «Алматылықтардың спортқа жаны құмар. Олар әр сенбі сайын тікұшақпен тауға ұшып барып, қайтарында шаңғымен сырғанайды. Сосын гольф ойнауға барады!»

 

 

8Қайрат КЕЛІМБЕТОВ, Ұлттық банктің экс-төрағасы:

Қазіргі күні Қазақстан Орта Азияның Сингапуры саналатын мемлекет. Бір кезгі кеңестік республикалардың арасындағы ең озығы біздің ел.

 

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ


 

 

Рекомендовать
Последние новости